Венлафаксинмен емделу кезінде алкоголь пайдаланбаңыз, өйткені ол қатты шаршауға және естен тануға алып келуі мүмкін. Алкогольмен және/немесе кейбір дәрілік заттармен бір мезгілде қолдану депрессия симптомдарын және үрейлі бұзылыстар сияқты басқа жай-күйлерді ушықтыруы мүмкін.
Суицид/суицидтік ойлар немесе клиникалық нашарлау
Депрессия суицидтік ойлар, өзіне-өзі зиян келтіру және суицидтің (суицидпен байланысты құбылыстар) жоғары қаупімен қатар жүреді. Бұл қауіп елеулі ремиссияның басталуына дейін сақталады. Жақсару емдеудің алғашқы бірнеше аптасының ішінде немесе одан да ұзақ уақыт бойы болмауы мүмкін екендіктен, пациенттерді осындай жақсару білінгенше мұқият қадағалау қажет. Клиникалық тәжірибе ремиссияның ерте сатыларында суицид қаупінің жоғары болуы мүмкін екенін айғақтайды.
Венлафаксин тағайындалатын басқа психиатриялық жай-күйлер суицид құбылыстарының жоғары қаупімен байланысты болуы мүмкін. Бұдан бөлек, ол жағдайлар ауқымды депрессиялық бұзылыспен коморбидті болуы мүмкін. Депрессиялық бұзылыстары ауқымды пациенттерде емдеу кезінде қадағаланатын сақтандырулар басқа психиатриялық бұзылыстары бар пациенттерді емдегенде де сақталу керек.
Анамнезінде суицид құбылыстары бар пациенттерде, сондай-ақ суицидтік ойлар елеулі дәрежеде көрініс беретін тұлғаларда емдеу басталғанша суицидтік ойлар мен суицид әрекеттерінің қаупі жоғары; емделу кезінде олар мұқият қадағалауда болуы тиіс. Психиатриялық бұзылыстары бар ересек пациенттердегі антидепрессанттардың плацебо-бақыланатын клиникалық зерттеулерінің мета-талдауы антидепрессанттар қабылдайтындарда 25 жасқа дейінгі пациенттердегі плацебо қабылдаушылармен салыстырғанда, суицидтік мінез-құлық қаупінің жоғары екенін көрсетті.
Пациенттерге, атап айтқанда, жоғары қаупі барларға дәрі-дәрмекпен емдеу кезінде, әсіресе, емдеудің басында және дозаларын өзгерткенде мұқият қадағалау талап етіледі. Пациенттерге (сондай-ақ пациенттерге күтім жасайтын тұлғаларға) клиникалық нашарлау, суицидтік мінез-құлық немесе ойлар, сондай-ақ мінез-құлықтың әдеттен тыс өзгерістері тұрғысынан қадағалау қажеттілігі және аталған симптомдар білінгенде медициналық көмекке жүгіну қажет екені ескертілу керек.
Серотониндік синдром
Басқа серотонинергиялық дәрілер қабылдау кезіндегідей, венлафаксинмен емдеуде, атап айтқанда, серотонинергиялық нейромедиаторлық жүйеге ықпал етуі мүмкін МАОт сияқты басқа дәрілерді бірге қолданғанда өмірге зор қауіпті жағдай - серотониндік синдром пайда болуы мүмкін.
Серотониндік синдром симптомдары психикалық статус өзгерісін (психомоторлық қозу, елестеулер, кома), вегетативтік жүйке жүйесінің бұзылысын (тахикардия, тұрақсыз артериялық қысым, дене температурасының көтерілуі), нейробұлшықеттік ауытқулар (гиперрефлексия, қозғалыс үйлесімінің бұзылуы) және/немесе асқазан-ішек жолы тарапынан болатын симптомдарды (жүрек айну, құсу, диарея) қамтуы мүмкін.
Жабық бұрышты глаукома
Венлафаксин қабылдау кезінде мидриазды байқауға болады, осыған орай, жабық бұрышты глаукомадан зардап шегетін немесе көзішілік қысымның көтерілуіне бейім пациенттерде оны бақылап отыру ұсынылады.
Артериялық қысым
Кейбір пациенттерде венлафаксин қабылдау кезінде артериялық қысымның дозаға тәуелді көтерілуі білінген, осыған орай, әсіресе, дозалануын нақтылау немесе арттыру кезеңінде артериялық қысымды жүйелі бақылау ұсынылады. Жүрек ырғағының жиілігі, әсіресе, жоғары дозаларды қабылдау кезінде жоғарылауы мүмкін. Егер қатарлас ауру ағымының нашарлауы жүректің жиырылу жиілігінің жоғарылауымен қатар жүрсе, сақ болуға кеңес беріледі.
Жүректің жиырылу жиілігі
Жүректің жиырылуы, әсіресе дозалардың жоғарылауымен жеделдетілуі мүмкін. Жүрек жиырылуының жеделдеуі негізгі ауруларды нашарлатуы мүмкін пациенттерді мұқият емдеу керек.
Жүрек-қантамыр жүйесі тарапынан болатын аурулар және аритмия қаупі
Миокард инфарктісін таяуда өткерген және декомпенсацияланған жүрек жеткіліксіздігінен зардап шегетін пациенттерде венлафаксин қолдану зерттелмеген. Осындай пациенттерге препарат сақтықпен тағайындалу керек.
Постмаркетингтік кезеңде венлафаксин қабылдағанда, әсіресе, артық дозалану кезінде өліммен аяқталатын жүрек аритмиялары жағдайлары тіркелген. Күрделі жүрек аритмияларының қаупі жоғары пациенттерге венлафаксин тағайындамас бұрын қауіп пен пайда арақатынасын бағалау қажет.
Құрысулар
Венлафаксин анамнезінде эпилепсия ұстамалары бар пациенттерге абайлап тағайындалуы тиіс. Венлафаксинмен емдеу эпилепсия ұстамалары туындағанда тоқтатылуы тиіс Ондай пациенттер мұқият медициналық қадағалауда болуы тиіс.
Гипонатриемия
Венлафаксин қабылдау кезінде, әсіресе, дегидратация немесе қан көлемінің азаю жағдайларында (соның ішінде егде жастағы пациенттерде, диуретиктер қабылдайтын науқастарда және гиповолемияның даму қаупі жоғары пациенттерде) гипонатриемияны және/немесе антидиурездік гормон секрециясының жеткіліксіздік синдромын байқауға болады.
Аномальді қан кету
Серотониннің кері қармалуын тежейтін дәрілік заттар тромбоциттер функциясы тежелісіне әкелуі мүмкін. Венлафаксин теріге және шырышты қабықтарға қан құйылу, соның ішінде асқазан-ішектен қан кету қаупін арттыруы мүмкін. Серотонинді кері қармайтын басқа да тежегіштер сияқты, қан кетулерге бейім пациенттерге, соның ішінде антикоагулянттар мен тромбоциттер тежегіштерін қабылдайтын пациенттерге венлафаксин сақтықпен тағайындалу керек.
Серотонинді кері қармаудың іріктелген тежегіштері (СКҚІТ)/серотонинді кері қармаудың тежегіштері және норэпинефрин (СКҚІТжН) босанғаннан кейінгі қан кету қаупін арттыруы мүмкін («Жүктілік немесе лактация кезінде», «ДП стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар» бөлімдер қараңыз).
Қан сарысуындағы холестерин
Клиникалық плацебо-бақыланатын зерттеулерде кемінде 3 ай бойы венлафаксин алатын пациенттердің 5,3 %-да және плацебо алатын 0,0 % пациентте қан сарысуындағы холестерин деңгейінің клиникалық мәнді жоғарылауы білінген. Препаратты ұзақ уақыт қабылдағанда қан сарысуындағы холестерин деңгейін бақылап отыру мақсатқа сай.
Дене салмағын түсіруге арналған дәрілермен бірге қолдану
Венлафаксин мен дене салмағын түсіретін дәрілерді (соның ішінде фентермин) бір мезгілде қолдану ұсынылмайды, өйткені оларды бір мезгілде қолданудың қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталмаған. Венлафаксинді дене салмағын түсіретін дәрі ретінде қолдануға болмайды және оны басқа препараттармен біріктіру ұсынылмайды.
Мания/гипомания
Антидепрессанттар, соның ішінде венлафаксин алған аффектілі бұзылыстары бар пациенттердің шағын санында мания/гипоманияны байқауға болады. Басқа да антидепрессанттар сияқты, анамнезінде немесе отбасылық анамнезінде биполярлы аффектілі бұзылысы бар пациенттерге венлафаксин абайлап тағайындалу керек.
Озбырлық
Пациенттердің шағын санында антидепрессанттармен, соның ішінде венлафаксинмен емделу аясында озбырлықты байқауға болады. Аталған симптомдар емдеудің басында, дозаны арттырғанда және емдеуді тоқтатқанда білінген. Басқа да антидепрессанттар сияқты, анамнезінде озбырлық болған пациенттерге венлафаксин сақтықпен тағайындалу керек.
Сексуалдық дисфункция
СКҚІТ/СКҚІТжН сексуалдық дисфункцияның түрткісі болуы мүмкін («ДП стандартты қолдану кезінде көрініс беретін жағымсыз реакциялар сипаттамасы және осы жағдайда қабылдау керек шаралар» бөлімін қараңыз). СКҚІТ / СКҚІТжН қабылдаудың тоқтатылуына қарамастан ұзақ сексуалдық дисфункциялар туралы хабарламалар болды.
Емдеуді тоқтату
Емдеуді (әсіресе, кенет) тоқтатудан кейін тоқтату синдромы жиі көрініс береді. Клиникалық зерттеулерде емдеуді тоқтатудан соң байқалған қолайсыз құбылыстар (дозаны біртіндеп азайтумен немесе одан кейін) венлафаксин қабылдаған пациенттердің 35 % және плацебо алған пациенттердің 17 % шамасында орын алды.
Тоқтату симптомдарының қаупі бірнеше факторларға, соның ішінде емдеу ұзақтығына және қолданылатын дозаларға, сондай-ақ дозаны азайту жылдамдығына байланысты болуы мүмкін. Бас айналу, сенсорлы бұзылулар (соның ішінде парестезия), ұйқының бұзылуы (соның ішінде ұйқысыздық және айқын түстер көру), қозу немесе үрей, жүрек айну және/немесе құсу, тремор және бас ауыру – ең жиі болатын реакциялар. Негізінен, бұл симптомдар әлсіз немесе орташа айқын, дегенмен де, кейбір пациенттерде олар ауыр болуы мүмкін. Әдетте, олар емдеуді тоқтатқан соң алғашқы бірнеше күн ішінде көрініс береді, бірақ осындай симптомдардың дамуы өте сирек жағдайларда дозаны кездейсоқ өткізіп алған пациенттерде хабарланған. Әдетте, ондай симптомдар өздігінен, әдетте, екі апта ішінде басылады, алайда кейбір пациенттерде олар ұзақ уақыт бойы (2-3 ай немесе одан ұзақ) сақталуы мүмкін. Сондықтан емдеуді тоқтату кезінде дозаны біртіндеп азайту (пациент реакциясына қарай, бірнеше апта немесе ай ішінде) ұсынылады.
Акатизия/психомоторлық мазасыздық
Венлафаксин қолдану пациенттегі көбінесе бір жерде отыра алмау немесе тұра алмаумен қоса қимылдай бергісі келетін жеке басқа жағымсыз және үрей тудыратын мазасыздықпен сипатталатын акатизияның дамуымен байланысты. Бұл емделудің алғашқы бірнеше аптасының ішінде көбірек ықтимал. Осындай симптомдары бар пациенттерде дозаны арттыру жайсыз әсер тудыруы мүмкін.
Ауыздың кеберсуі
Венлафаксин қабылдайтын пациенттердің 10 %-да ауыз кеберсуі білінеді, бұл тіс жегісінің даму қаупін арттыруы мүмкін. Ондай пациенттерге тіс гигиенасының маңыздылығын мәлімдеу қажет.
Қант диабеті
Қант диабетінен зардап шегетін пациенттерде серотонинді кері қармаудың іріктелген тежегіштерін (СКҚІТ) немесе венлафаксин қолдану гликемиялық бақылауды өзгертуі мүмкін. Инсулин және/немесе диабетке қарсы оральді препараттар дозасын өзгерту қажеттілігі туындауы мүмкін.
Арнайы ескертулер
Педиатрияда қолдану
ВЕНЛАКСОР таблеткаларын 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді емдеу үшін қолдануға болмайды. Суицидтік мінез-құлық (суицид әрекеті және суицидтік ойлар), сондай-ақ жауығу (көбінесе озбырлық, жауығу мінез-құлқы және ызақорлық) клиникалық зерттеулерде, плацебо қабылдағандармен салыстырғанда, антидепрессанттармен емделген балалар мен жасөспірімдер арасында байқалған. Егер де, осыған қарамастан, клиникалық қажеттілікке қарай емдеуді жүргізу шешімі қабылданса, пациентті суицидтік симптомдардың білінуі тұрғысынан мұқият қадағалау қажет. Бұдан бөлек, балалар мен жасөспірімдерде өсуге, жетілуге, когнитивтік және мінез-құлық дамуына қатысты кейіннен білінетін қауіпсіздік деректері жоқ.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Психотропты препараттармен кез келген дәрілік емнің пікір қорыту, ойлау немесе қозғалыс функцияларын орындау қабілетін төмендетуі мүмкін екенін ескерген жөн. Бұл жөнінде пациентке ем басталар алдында ескерту керек. ВЕНЛАКСОР препаратын қолдану кезінде осындай әсерлер туындағанда қойылатын шектеулер дәрежесі мен ұзақтығын дәрігер белгілеуі тиіс.