Ретровир АИТВ инфекциясынан сауықтыра алмайды, ал пациенттерде оппортунистік инфекциялар туындауын қоса, иммунитеттің төмендеуімен аурудың толық көрінісінің даму қаупі сақталады. Рифампицинді немесе ставудинді зидовудинмен бір мезгілде қолданудан аулақ болу керек.
Қан тарапынан жағымсыз реакциялар
Анемия (әдетте, Ретровир® препаратын қолданудың басталуынан 6 апта өткен соң байқалады, бірақ кейде ертерек дамуы мүмкін); нейтропения (әдетте, Ретровир® препаратын қолданудың басталуынан 4 апта өткен соң байқалады, бірақ кейде ертерек дамуы мүмкін); лейкопения (әдетте нейтропенияға қатысты қосалқы) Ретровир® препаратын қабылдайтын пациенттерде байқалады. Бұл жоғары дозаларда (1200-1500 мг/тәулік) және емдеу басталғанша сүйек кеміктік қан түзілуінің төмендеуі бар, әсіресе АИТВ-инфекциясының асқынған жағдайындағы пациенттерде жиі кездеседі.
Ретровир® препаратын қабылдау кезінде АИТВ инфекциясының толық клиникалық көрінісі бар пациенттерде емнің алғашқы 3 айы ішінде 2 аптада бір реттен сиретпей, ал артынан ай сайын қан талдауларын бақылап отыру қажет. Пациенттің жалпы жай-күйіне қарай қан талдаулары сирек, 1-3 айда бір рет орындалады. Егер гемоглобин мөлшері 7,5-9,0 г/л (4,65-5,59 ммоль/л) дейін азайса, нейрофилдер саны 0,75x109/л-1,0x109/л дейін төмендесе, тәуліктік Ретровир® препаратының дозасы қан көрсеткіштері қалпына келгенше азайтылуы тиіс немесе Ретровир® қан көрсеткіштерінің қалыпқа келуіне дейін 2-4 аптаға тоқтатылады. Әдетте, қан көрінісі 2 апта өткенде қалпына келеді, одан кейін Ретровир® препаратын азайтылған дозада қайта тағайындауға болады. Ретровир® препаратының дозасын төмендетуге қарамастан, айқын анемиясы бар пациенттерге қан құю қажет болады.
Лактоацидоз
Ретровир® препаратын қолдану кезінде әдетте гепатомегалиямен және бауыр стеатозымен байланысты лактоацидоз туралы хабарланды. Лактоацидоз дамуының ерте симптомдары (симптоматикалық гиперлактатемия) ас қорытудың қатерсіз белгілері, ас қорыту жүйесімен байланысты симптомдар (жүрек айну, құсу және іштің ауыруы), жалпы әлсіздік, тәбеттен айрылу, салмақ жоғалту, респираторлық симптомдар (жиі және/немесе терең тыныс алу) немесе неврологиялық симптомдар (оның ішінде қозғалу әлсіздігі) болуы мүмкін.
Лактоацидоздың өлімге ұшырату деңгейі жоғары және панкреатит, бауыр жеткіліксіздігі немесе бүйрек жеткіліксіздігімен байланысты болуы мүмкін.
Лактоацидоз, әдетте, бірнеше ай емделуден кейін туындады.
Симптоматикалық гиперлактатемия және метаболизмдік/сүт қышқылды ацидозы, үдемелі гепатомегалия немесе аминотрансферазалар деңгейінің тез жоғарылауы болған кезде, Ретровир® препаратымен емдеуді тоқтату керек.
Зидовудинді гепатомегалиямен, гепатитпен науқастанатын немесе бауыр ауруы мен бауыр стеатозының басқа белгілі қауіп факторлары бар (кейбір дәрілік препараттар мен алкогольді қоса алғанда) кез келген пациентке (әсіресе семіздікке шалдыққан әйелдерге) тағайындаған кезде сақтық шарасын қадағалау керек. Альфа-интерферон және рибавирин қабылдайтын С гепатитімен коинфекцияланған пациенттер ерекше қауіп төндіруі мүмкін.
Жоғары қауіп тобындағы пациенттерді мұқият бақылау керек.
Құрсақішілік әсерден кейінгі митохондриялық дисфункция:
Нуклеозидтер және нуклеотидтердің аналогтары митохондриялар функциясына әртүрлі дәрежеде ықпал етуі мүмкін, бұл ставудин, диданозин және зидовудин қолданылғанда көбірек білінеді. Нуклеозидтер аналогтарының құрсақішілік және/немесе постнатальді әсеріне ұшыраған АИТВ-теріс сәбилерде митохондриялық дисфункция туралы хабарламалар бар; олар негізінен құрамында зидовудин бар емдеу сызбаларына қатысты болды. Негізгі тіркелген жағымсыз реакциялар - бұл гематологиялық бұзылулар (анемия, нейтропения) және метаболизмдік бұзылулар (гиперлактатемия, гиперлипаземия). Осы оқиғалар жиі өтпелі болды. Кеш білінетін неврологиялық бұзылыстар (гипертония, құрысулар, қалыптан тыс мінез-құлық) сирек хабарланды. Қазіргі уақытта неврологиялық бұзылыстардың уақытша немесе тұрақты болу-болмауы белгісіз. Осы деректерді этиологиясы белгісіз, әсіресе, неврологиялық күрделі клиникалық көріністері болатын нуклеозидтер және нуклеотидтер аналогтарының құрсақішілік әсеріне ұшыраған кез келген сәби үшін ескерілу керек. Осы нәтижелер АИТВ вертикальді берілісін болдырмас үшін жүкті әйелдерде антиретровирустық емді пайдалану жөніндегі ағымдағы нұсқауларға ықпал етпейді.
Липоатрофия: зидовудинмен емдеу митохондриялық уыттылықпен байланысты болатын тері асты шелмайының жұқаруымен байланысты. Липоатрофия жиілігі мен ауырлығы жинақталу әсерімен байланысты болады. Беттен, аяқ-қол мен бөкседен көбірек байқауға болатын майдан арылу зидовудинсіз режимге ауысқанда қайтымсыз болуы мүмкін. Пациенттерді зидовудинмен және құрамында зидовудин бар өнімдермен (Комбивир және Тризивир) ем кезінде липоатрофия белгілері тұрғысынан жүйелі тексеруден өткізу керек. Липоатрофия дамуына күмән болса, емді баламалы режимге ауыстыру керек.
Салмақ және метаболизм параметрлері: антиретровирустық ем кезінде салмақтың және қандағы липидтер мен глюкоза деңгейлерінің артуы болуы мүмкін. Осындай өзгерістер аурулармен күресумен және өмір салтымен жартылай байланысты болуы мүмкін. Липидтерге қатысты, кейбір жағдайларда емдеу әсерінің дәлелі бар, ал салмақтың артуына қатысты қандай да бір нақты емдеумен байланысты сенімді дәлелдер жоқ. Липидтер және қандағы глюкозаны мониторингтеу үшін АИТВ емі бойынша белгіленген нұсқауларды жетекшілікке алған жөн. Липидтер бұзылуларын клиникалық практикаға сәйкес емдеу керек.
Бауыр ауруы. Циррозсыз жеңіл дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде [Чайлд-Пью шкаласы бойынша 5-6 балл] зидовудин клиренсі дені сау субъектілердегі клиренсіне ұқсас, сондықтан зидовудин дозасын түзету қажет емес. Орташа және ауыр дәрежедегі бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде [Чайлд-Пью шкаласы бойынша 7-15 балл] зидовудин экспозициясының байқалатын зор өзгергіштігіне орай дозалау жөнінде нақты нұсқаулар беру мүмкін болмайды, сондықтан зидовудин пациенттердің осы тобында қолдануға ұсынылмайды.
Біріктірілген антиретровирустық ем алып жүрген созылмалы B немесе C гепатиті бар пациенттер бауыр тарапынан ауыр және өлімге ұшыратуы ықтимал құбылыстар қаупінің артуына ұшырайды. B немесе C гепатитіне қатар жүргізілген вирусқа қарсы ем жағдайында осы дәрілік заттарға тиісті ақпаратты қарау керек.
Созылмалы белсенді гепатитті қоса, бауыр функциясының бұзылуы бұрыннан бар пациенттерде біріктірілген антиретровирустық ем кезінде бауыр функциясы бұзылуларының жиілігі жоғары болады және олар стандартты практикаға сәйкес қадағалауда болуы тиіс. Егер осындай пациенттерде бауыр ауруының өршу белгілері болса, емдеуді уақытша тоқтату немесе тоқтату мүмкіндігін қарастыру керек.
Иммундық қайта белсенділену синдромы: Ауыр иммун тапшылығы бар АИТВ инфекциясын жұқтырған пациенттерде біріктірілген антиретровирустық ем (БАРЕ) басталған сәтте күрделі клиникалық жай-күйлерді немесе симптомдар өршуін тудыруы мүмкін симптомсыз немесе қалдық шартты-патогенді микроорганизмдерге қабыну реакциясы туындауы мүмкін. Әдетте, осындай реакциялар БАРЕ басталуынан кейін алғашқы бірнеше апта немесе ай ішінде байқалды. Сәйкес мысалдары цитомегаловирусты ретинит, жайылған және/немесе ошақты микобактериялық инфекциялар және Pneumocystis jirovecii тудырған пневмония болып табылады. Кез келген қабыну симптомдарын бағалау, ал қажет болса, емдеу тағайындау керек. Иммундық қайта белсенділену жағдайларында аутоиммундық бұзылыстардың (Грейвс ауруы және аутоиммундық гепатит сияқты) туындауы туралы да хабарланды; дегенмен де, аурудың басталуына дейінгі уақыт өзгеріп отырады және емдеу басталуынан кейін көп ай өткен соң болуы мүмкін.
Пациенттерді өз бетінше қабылдап жүрген дәрілерді бір мезгілде қабылдаудан сақтандыру керек.
Егде жастағы адамдарда және бүйрек немесе бауыр жеткіліксіздігі бар пациенттерде препаратты қолдану.
Остеонекроз: этиология (кортикостероидтар пайдалануды, алкоголь тұтынуды, ауыр иммуносупрессияны, өте жоғары дене салмағы индексін қоса) көп факторлы болып саналса да, әсіресе, АИТВ үдемелі ауруы бар және / немесе ұзақ уақыт біріктірілген антиретровирустық ем (БАРЕ) қабылдап жүрген пациенттерде остеонекроз жағдайлары тіркелді. Пациенттер буындарының ауыруын, қимыл –қозғалыс шектелуін сезінсе немесе қозғалу кезінде қиындықтар туындаса, дәрігерге қаралуға кеңес беру керек.
Натрий: осы дәрілік зат құрамында доза бірлігіне 1 ммоль мөлшерінен аз (23 мг) натрий бар, яғни мүлде натрий жоқ деуге болады.
С гепатитінің қатарлас инфекциясы бар пациенттер: анемияның жоғары қаупіне орай рибавиринді зидовудинмен бір мезгілде қолдану ұсынылмайды.
Арнайы ескертулер
Жүктілік
Әдетте, жүкті әйелдерде АИТВ-инфекциясын емдеу және соның салдарынан АИТВ-ның тігінен берілу қаупін азайту үшін антиретровирустық препараттарды қолдану туралы шешім қабылдағанда жануарларға өткізілген клиникаға дейінгі зерттеулерден алынған деректерді, сондай-ақ жүкті әйелдердің клиникалық тәжірибесін ескеру қажет. Аталған жағдайда зидовудинді жүкті әйелдерде қолданып, одан кейін жаңа туған нәрестелерді емдеудің анадан шаранаға АИТВ берілу жылдамдығын төмендететіні көрсетілді.
Жүкті әйелдер туралы деректердің үлкен көлемі (бірінші триместрдегі 3000-нан аса нәтиже әрі екінші және үшінші триместрлердегі 3000-нан аса нәтиже) тератогенді уыттылығының болмауын көрсетеді. Егер клиникалық көрсетілімдер бойынша қажет болса, Ретровирді® жүктілік кезінде пайдалануға болады. Аталған көптеген деректердің негізінде адамдарда даму ақауларының пайда болу қаупі екіталай.
Зидовудин жануарлардағы тұқым өрбіту уыттылығына жүргізілген зерттеулер нәтижелерімен байланысты болды. Ретровир® препаратының белсенді ингредиенттері жасушалық ДНҚ репликациясын тежеуі мүмкін, ал жануарларда жүргізілген бір зерттеуде зидовудиннің трансплацентарлық канцероген екені көрсетілді. Осы нәтижелердің клиникалық маңызы белгісіз. Адамдарда зидовудиннің плаценталық берілісі болатыны көрсетілді.
Митохондриялық дисфункция: нуклеозидтер мен нуклеотидтердің аналогтары in vitro және in vivo жағдайында митохондриялардың әртүрлі дәрежеде зақымдануын тудыратыны көрсетілді. Нуклеозидтер аналогтарының құрсақішілік және/немесе постнатальді әсеріне ұшыраған АИТВ-теріс сәбилердегі митохондриялық дисфункция туралы хабарламалар бар.
Фертильділік
Ретровир® препаратының әйелдердің бала туу функциясына әсер ету деректері жоқ. Ретровир® препаратын қабылдау ерлерде шәуһет құрамына, морфологиясына және сперматозоидтар қозғалғыштығына ықпал етпейді.
Лактация
АИТВ инфекциясы бар әйелдерге АИТВ инфекциясының берілуін болдырмау үшін бала емізуге кеңес берілмейді.
Дәрілік заттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Ретровир® препаратының автокөлікті және басқа да механизмдерді басқару қабілетіне ықпалы зерттелмеген. Алайда, осы қабілеттерге қолайсыз әсер ету ықтималдығы аз. Дегенмен де, автокөлікті және басқа механизмдерді басқару мүмкіндігінің мәселесін шешкенде Ретровир® препаратын қабылдағанда пациенттің жай-күйін және жағымсыз реакциялардың (бас айналу, ұйқышылдық, мәңгіру, құрысулар) даму мүмкіндігін ескеру керек.