Арнайы сақтандырулар
Препарат қызу түсіретін дәрі ретінде қолдануға ұсынылмайды. Нимулид қабылдайтын науқастарда дене температурасы көтерілгенде және тұмау тәрізді симптомдар пайда болғанда препарат қабылдауды тоқтату керек.
Нимулид, селективті циклооксигеназа-2 қоса, басқа ҚҚСП-мен бірге қолданылмау керек. Нимулид препаратымен емдеу кезінде пациенттер басқа анальгетиктерді қабылдаудан да бас тартуы тиіс.
Жағымсыз әсерлердің даму қаупін төмендету үшін емдеу курсының ең қысқа ұзақтығымен препаратты ең төмен тиімді дозада қолдану қажет. Егер науқастың жай-күйі жақсармаса, емдеуді тоқтату қажет.
Бауыр функциясына әсері
Бауыр функциясының айқын бұзылулары бар пациенттерде Нимулид метаболизмі бұзылады, клиренсі төмендейді және қанда нимесулид концентрациясы жоғарылайды, бұл препараттың жинақталуына алып келуі мүмкін. Нимулид қабылдау аясында туындаған бауыр функциясының айқындылығы орташадан ауырға дейінгі, оның ішінде өліммен аяқталатын бұзылулары туралы хабарламалар да болады. Осылайша, Нимулид бауыр патологиясы бар пациенттерде пайдалануға ұсынылмайды.
Нимулид қабылдап жүрген науқастарда бауырдың зақымдануын (мысалы, анорексия, жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, қатты шаршау, несептің күңгірттенуі) немесе бауырдың функциялық сынамаларының аномалиялық нәтижелерін көрсететін симптомдар пайда болғанда препаратты тоқтату керек. Осындай науқастарға әрі қарай Нимулид тағайындау ұсынылмайды.
Нимулид препаратымен емдеу кезінде бір мезгілде гепатоуытты препараттар, анальгетиктер, басқа ҚҚСП қолданудан және алкоголь тұтынудан аулақ болуға кеңес беріледі.
Асқазан-ішек жолына әсері
Пациенттерде анамнезінде қан кетумен немесе тесілумен асқынған ойықжара болса, ҚҚСП дозасын арттырғанда асқазан-ішек жолында қан кетудің, ойықжараның немесе оның тесілуінің туындау қаупі артады. Осындай пациенттерде емдеуді ең аз дозадан бастау керек. Бір мезгілде төмен дозаларда аспиринді немесе асқазан-ішек жолы тарапынан патологияның туындау қаупін арттыратын басқа препараттарды қабылдап жүрген пациенттерге протектор-препараттармен, мысалы, мизопростолмен немесе протон сорғысы тежегіштерімен біріктірілімде емдеу мүмкіндігін қарастыру керек.
Анамнезінде асқазан-ішек жолының патологиясы бар пациенттер, әсіресе, егде жастағы пациенттер асқазан-ішек жолы тарапынан болатын кез келген жағымсыз симптомдар туралы хабарлауы тиіс. Бұл емдеудің бастапқы сатыларында ерекше маңызды.
Қан кету, ойықжара немесе ойықжараның тесілуі хабаршы-симптомдарының пайда болуымен де, онсыз да, сондай-ақ анамнезінде асқазан-ішек жолы тарапынан патологияның болуына немесе болмауына қарамастан емдеу аясында кез келген сәтте дамуы мүмкін.
Ойықжараның немесе қан кетудің туындау қаупін арттыруы мүмкін қатарлас препараттарды, мысалы, варфарин сияқты пероральді кортикостероидтар, антикоагулянттар, серотонинді қайта қармайтын селективті тежегіштер немесе аспирин сияқты антиагреганттарды қабылдап жүрген пациенттерге препаратты қабылдау кезінде сақтық шарасын қадағалау қажеттілігі ескертілуі тиіс.
Асқазан-ішек жолында қан кету немесе ойықжара дамығанда нимесулидпен емдеуді дереу тоқтату керек.
Нимесулид, пептидті ойықжараны, анамнезінде асқазан-ішек жолында қан кету болуын, спецификалық емес ойықжаралы колитті және Крон ауруын қоса, асқазан-ішек жолының аурулары бар пациенттерге абайлап тағайындалу керек.
Егде жастағы пациенттер: егде жастағы адамдарда өліммен аяқталуға әкелуі мүмкін асқазан-ішектен қан кету және ойықжараның тесілуі сияқты ҚҚСП жағымсыз реакциялары жиірек кездеседі. Бүйрек, бауыр және жүрек тарапынан бұзылулар да туындауы мүмкін. Сондықтан осы пациенттерге емдеуші дәрігердің тиісті қадағалауында болуға кеңес беріледі.
Жүрек-қантамыр және цереброваскулярлық жүйелер тарапынан бұзылулар
Анамнезінде организмдегі сұйықтықтың сақталуымен және ҚҚСП қолдану аясында ісінуімен қатар байқалатын артериялық гипертензия және/немесе жүректің жеңіл/орташа ауырлықтағы іркілістік жеткіліксіздігі бар пациенттерге жағдайды тиісті бақылау және дәрігердің кеңесі қажет болады.
Клиникалық зерттеулер мен эпидемиологиялық деректер кейбір ҚҚСП қолдану, әсіресе, жоғары дозаларында және ұзақ уақыт қолданғанда артериялық тромбоз дамуы салдарынан миокард инфарктісі немесе инсульт даму қаупін арттыруы деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Нимесулидті қолдану кезінде осындай қауіпті жоққа шығару үшін деректер жеткіліксіз.
Бақыланбайтын артериялық гипертензия, жүректің іркілістік жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық ауруы, шеткері артериялар ауруы және/немесе цереброваскулярлық патологиясы бар пациенттерге Нимулид осы пациенттердің жай-күйін мұқият бағалаудан кейін ғана тағайындалу керек. Осыншалық жай-күйін мұқият бағалау жүрек-қантамыр ауруларының қауіп факторлары (мысалы, артериялық гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, шылым шегу) бар пациенттерді ұзақ уақыт емдеу курсын бастар алдында жүргізілуі тиіс.
Нимесулид тромбоциттерге ықпал ететіндіктен, нимесулид геморрагиялық диатезі бар пациенттерге абайлап тағайындалу керек.
Алайда, Нимулид жүрек-қантамыр ауруларының профилактикасында ацетилсалицил қышқылын алмастырмайды.
Бүйрек функциясына әсері
Сақтықпен препаратты бүйрек функциясының бұзылулары (креатинин клиренсі – 30 мл/минуттан аз) бар пациенттерде қолдану керек, өйткені осындай пациенттерде нимесулидтің жартылай шығарылу кезеңі ұзарады. Препаратты бүйректің жеңіл немесе орташа жеткіліксіздігі бар пациенттерге сақтықпен тағайындау қажет, өйткені Нимулид препаратын қолдану бүйрек функциясының нашарлауына әкелуі мүмкін. Нашарлаған жағдайда емдеу тоқтатылу керек.
Тері реакциялары
ҚҚСП қолдану аясында эксфолиативті дерматитті, Стивенс-Джонсон синдромын, сондай-ақ уытты эпидермалық некролизді қоса, терінің ауыр реакциялары өте сирек байқалды. Тері бөртпесі, шырышты қабықтардың зақымдану белгілері немесе аса жоғары сезімталдықтың басқа симптомдары пайда болғанда Нимулид препаратын тоқтату керек.
Нимесулидті қолданғанда тұрақты дәрілік бөртпе (ТДБ) жағдайлары туралы хабарланды.
Нимесулидті анамнезінде нимесулидпен байланысты ТДБ бар пациенттерге қайта тағайындауға болмайды («Жағымсыз реакциялар» бөлімін қараңыз).
Фертильділікке әсері
Нимулид препаратын қолдану бала туу функциясына теріс әсерін көрсетуі мүмкін, сондықтан препаратты жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерге тағайындау ұсынылмайды. Бала көтеру кінәраттары бар немесе бедеулікке тексеруден өтетін әйелдерге Нимулид препаратын тоқтату мүмкіндігін қарастыру керек.
Кейбір қосымша заттар туралы ақпарат
Галактоза жақпаушылығы, Lapp лактаза тапшылығы немесе глюкоза-галактоза мальабсорбциясы сияқты сирек тұқым қуалайтын бұзылулары бар пациенттерге, препараттың бір реттік дозасында 151.50 мг лактаза моногидраты болғандықтан, аталған препаратты қолдануға болмайды. Қант диабеті бар пациенттерге абайлап тағайындалады.
Осы дәрілік препарат құрамында бір таблеткасында 22.00 мг натрий кроскармеллозасы және 6.80 мг натрий докузаты бар, ал препараттың бір реттік дозасындағы жалпы натрий мөлшері 1 ммоль-ден аз (23 мг) мөлшерде, яғни «натрий мүлде жоқ».
Тұзсыз диета ұстанатын тұлғаларға абайлап тағайындау керек.