МЕЗАКАР® SR препаратын қабылдаған кезде агранулоцитоздың және аплазиялық анемияның дамуы мүмкін; алайда, бұл жағдайлар өте сирек туындайтындықтан, МЕЗАКАР® SR препараты үшін олардың қауіптілігінің нақты мәндерін есептеу қиын. Ем алмаған жалпы популяциядағы агранулоцитоздың жиынтық даму қаупі жылына 1 млн. тұрғынға 4,7 жағдайды, ал аплазиялық анемия – жылына 1 млн. тұрғынға 2,0 жағдайды құрайтыны белгілі.
Гематологиялық асқынулар
МЕЗАКАР® SR препаратын қолдану кезінде тромбоциттер немесе лейкоциттер санының әртүрлі жиілікпен өткінші немесе тұрақты төмендеуі байқалады. Дегенмен, емдеуді бастамас бұрын, сондай-ақ емдеу процесінде мезгіл-мезгіл тромбоциттер мен мүмкін, ретикулоциттер санын санауды, сондай-ақ қан сарысуындағы темір деңгейін анықтауды қоса алғанда, қанның клиникалық талдауын жүргізу керек.
Пациенттерге және олардың туыстарына ықтимал гематологиялық бұзылуларға тән уыттылықтың ерте белгілері, сондай-ақ тері жамылғысы мен бауыр тарапынан болатын симптомдар туралы ақпаратты жеткізу қажет. Пациентті қызба, тамақтың ауыруы, бөртпе, ауыз қуысындағы ойық жаралар, гематомалардың себепсіз пайда болуы, петехия немесе пурпура түріндегі геморрагиялар сияқты жағымсыз реакциялар пайда болған жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажеттігі туралы хабардар етеді.
Емдеу кезінде лейкоциттер немесе тромбоциттер санының төмен деңгейі (немесе олардың төмендеу үрдісі) байқалған жағдайларда пациенттің жағдайын және қанның клиникалық толық талдауының көрсеткіштерін мұқият бақылау керек. Алайда, егер пациентте ауыр, үдемелі немесе клиникалық көріністермен бірге жүретін, мысалы, қызба немесе тамақтың ауыруы сияқты лейкопения дамыса, МЕЗАКАР® SR емдеуді тоқтату керек. Егер сүйек кемігінің айтарлықтай тежелу белгілері анықталса да, МЕЗАКАР® SR тоқтату керек.
Бауыр функциясы
Емдеу басталғанға дейін және емдеу процесінде бауыр функциясын, әсіресе анамнезінде бауыр ауруы туралы мәліметтері бар пациенттерге, сондай-ақ егде жастағы пациенттерге зерттеу жүргізу қажет. Бауыр функциясының бұрыннан бар бұзылуы күшейген жағдайда немесе бауырдың белсенді ауруы пайда болған кезде препаратты дереу тоқтату керек.
Карбамазепин қабылдаған пациенттердегі бауырдың кейбір функциялық тестілері ауытқу нәтижелерін, әсіресе гамма-глутамилтрансферазаларды көрсетуі мүмкін. Бұл бауыр ферменттерінің индукциясымен байланысты болуы мүмкін. Ферменттің индукциясы сілтілі фосфатаза деңгейінің шамалы жоғарылауына әкелуі мүмкін. Бауырдың метаболиздену қабілетінің жоғарылауы карбамазепинді тоқтату үшін көрсетілім болмайды.
Карбамазепинге бауырдың ауыр реакциялары өте сирек туындайды. Бауыр функциясы бұзылуының немесе бауырдың белсенді ауруының белгілері мен симптомдары пайда болған кезде нәтижелерді алғанға дейін жедел бағалау жүргізу және МЕЗАКАР® SR емдеуді тоқтата тұру қажет.
Суицидтік ойлар/суицидтік мінез-құлық
Эпилепсияға қарсы препараттарды бірнеше көрсетілімдер бойынша қабылдаған пациенттерде суицидтік ойлар мен мінез-құлық байқалды. Эпилепсияға қарсы препараттардың рандомизацияланған плацебо-бақыланатын зерттеулерінің мета-талдауы суицидтік ойлар мен мінез-құлық қаупінің шамалы жоғарылағанын көрсетті. Бұл қауіптің механизмі белгісіз және қолда бар деректер карбамазепин үшін жоғары қауіптің мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Сондықтан пациенттердің жағдайын суицидтік ойлар мен мінез-құлық белгілерінің бар-жоғына бақылау, сондай-ақ тиісті емдеу қажеттілігін қарастыру керек. Пациенттерге (сондай-ақ пациенттерге күтім жасайтын адамдарға) суицидтік ойлар немесе мінез-құлық белгілері пайда болған жағдайда медициналық көмекке жүгіну ұсынылуға тиіс.
Терінің күрделі реакциялары
Ауыр дерматологиялық реакциялар, соның ішінде уытты эпидермалық некролиз (УЭН: Лайелл синдромы деп те аталады) және Стивенс-Джонсон синдромы (СДС) МЕЗАКАР® SR препаратын қабылдағанда өте сирек байқалды. Күрделі дерматологиялық реакциялары бар пациенттерді ауруханаға жатқызу қажет болуы мүмкін, өйткені бұл жағдайлар өмірге қауіпті болуы және өлімге әкелуі мүмкін. СДС/УЭН жағдайларының көпшілігі МЕЗАКАР® SR препаратымен емдеудің алғашқы бірнеше айында пайда болады. Бұл реакциялар, бағалау бойынша негізінен еуропалық халық орналасқан елдерде дәрілік зат қабылдаған 10 000 жаңа пациентке шаққанда 1-6-да байқалады, бірақ кейбір азиялық елдерде қаупі бағалау бойынша шамамен 10 есе жоғары. Терінің ауыр реакцияларын көрсететін белгілер мен симптомдар (мысалы, СДС, Лайелл синдромы/УЭН) пайда болған кезде МЕЗАКАР® SR препаратын дереу тоқтату және баламалы емді қарастыру керек.
Дерматологиялық реакциялар
Карбамазепинді қолдану кезінде УЭН және СДС қамтитын ауыр және кейде өлімге әкелетін дерматологиялық реакциялар туралы хабарланды. Бұл реакциялар негізінен еуропеоидтық нәсілді халқы бар елдерде 10000 жаңа пайдаланушыға шаққанда 1-6-да байқалады деп бағаланады, бірақ кейбір азиялық елдерде, бағалау бойынша, бұл жағдайлардың даму қаупі шамамен 10 есе жоғары болуы мүмкін.
HLA әртүрлі аллельдерінің пациенттің иммундық жүйемен байланысты жағымсыз реакцияларға бейімділігіне әсері туралы дәлелдер көбейіп келеді.
Ухандықтардың, тайлықтардың басқа азиялық популяциялардың HLA-B *1502 аллелі
Пациенттердің иммундық жанама реакцияларға бейімділігінде атқаратын әртүрлі HLA аллельдерінің рөлі туралы көбірек дәлелдер бар.
Хан және тай тектес адамдарда HLA-B*1502 болуы карбамазепинмен емдеу кезінде Стивенс-Джонсон синдромы (СДС) деп аталатын терінің ауыр реакцияларының даму қаупімен тығыз байланысты екендігі көрсетілді. HLA-B *1502 тасымалдауының таралуы хан және тай популяцияларында шамамен 10%-ды құрайды. Мүмкіндігінше, мұндай пациенттер карбамазепинмен емдеуді бастар алдында осы аллельдің бар-жоғына скринингтен өтуі тиіс. Егер осы тест нәтижелері оң болса, карбамазепинмен емдеуді емнің өзге нұсқалары болмаған жағдайда ғана бастау керек. Пациенттерде HLA-B*1502 бар-жоғына тесті теріс нәтижелер бергенде СДС даму қаупі төмен болып табылады, дегенмен мұндай реакциялар сирек жағдайларда байқалуы мүмкін.
Кейбір деректер басқа азиялық популяциялардағы елеулі карбамазепинмен астасқан УЭН/СДС жағдайларының жоғары қаупін көрсетеді. Бұл аллельдің басқа азиялық популяцияларға таралғандығына байланысты (мысалы, Филиппин мен Малайзияда 15%-дан жоғары) HLA-B*1502 бар-жоғына генетикалық қауіпке ұшыраған популяцияларға талдау жүргізу мүмкіндігін қарастыру керек.
HLA-B*1502 аллелінің таралғандығы еуропалық, африкалық және латынамерикалық тектес популяциялардағы іріктемелерде, сондай-ақ жапондықтар мен корейлер арасында (<1%) елеусіз.
HLA-А * 3101 аллелі - еуропалық және жапондық пациенттердің популяциясы
Кейбір деректерде HLA-A*3101 еуропалық және жапон тектес адамдарда карбамазепин туындатқан терінің жағымсыз реакцияларының, соның ішінде СДС, УЭН, эозинофилиямен байқалатын дәрілік бөртпе (DRESS-синдром) немесе онша ауыр емес жедел жайылған экзантематозды пустулез (ЖЖЭП) және макулопапулезді бөртпе қаупінің жоғарылауымен байланысты деп болжанады.
HLA-A*3101 аллелінің жиілігі этностық популяциялар арасында айтарлықтай өзгереді. HLA-A*3101 аллелі тасымалдауының таралғандығы еуропалық популяцияларда 2-ден 5% - ға дейінді және жапон популяциясында шамамен 10%-ды құрайды.
HLA-A*3101 аллелінің болуы карбамазепинмен индукцияланған тері реакцияларының даму қаупін арттыруы мүмкін (көбінесе ауырлығы аз), еуропалық тектес адамдар арасында жалпы халықтың 5,0% - дан 26,0% - ға дейін, ал оның болмауы қауіпті 5,0% - дан 3,8% - ға дейін төмендетуі мүмкін.
Карбамазепинмен емдеуді бастар алдында HLA-A*3101 бар-жоғына скрининг жүргізу туралы нұсқаулардың пайдасына деректер жеткіліксіз.
Егер еуропалық немесе жапондық пациенттерде HLA-A*3101 аллелінің бар-жоғын анықтау тест нәтижесі оң екені белгілі болса, карбамазепинді қолдану пайдасы қаупінен асады деп есептелген жағдайда ғана мүмкін болады.
Басқа дерматологиялық реакциялар
Терінің әлсіз айқындалған реакциялары, мысалы, оқшауланған макулярлық немесе макула-папулезді экзантема, көп жағдайда өткінші және ауыр емес болып табылады. Әдетте емдеуді жалғастырған кезде немесе препарат дозасын төмендеткеннен кейін де бірнеше күн немесе апта ішінде кетіп қалады. Терінің неғұрлым күрделі реакцияларының ерте белгілерін жеңіл өтпелі реакциялардан ажырату қиын, сондықтан егер реакция ұзақ уақыт қолданғанда нашарласа, препаратты дереу тоқтатуды ескере отырып, пациент мұқият бақылауда болуы тиіс.
HLA-B * 1502 аллелі карбамазепинге терінің аз ауыр жағымсыз реакцияларының, мысалы, құрысуға қарсы аса жоғары сезімталдық синдромы немесе макулопапулезді бөртпе қаупін болжай алмайтындығы анықталды.
Аса жоғары сезімталдық
МЕЗАКАР® SR аса жоғары сезімталдық реакцияларын, оның ішінде эозинофилиямен және жүйелі симптомдармен (DRESS-синдром) байқалатын дәрілік бөртпені, DRESS-синдроммен байланысты HHV6 реактивациясын, қызбамен, бөртпемен, васкулитпен, лимфаденопатиямен, жалған-лимфомамен, артралгиямен, лейкопениямен, эозинофилиямен, гепатоспленомегалиямен, бауырдың функциялық тестілерінің бұзылуымен және өт жолдарының жойылу синдромымен көрінетін (бауырішілік өттүтіктердің бұзылуы және жойылуы), олар әртүрлі біріктірілімдерде пайда болуы мүмкін, кешеуілдеген мультиағзалық аса жоғары сезімталдықты тудыруы мүмкін. Басқа ағзалардың зақымдануы мүмкін (мысалы, өкпе, бүйрек, ұйқыбез, миокард, жуан ішек).
Әдетте, аса жоғары сезімталдық реакциясын көрсететін белгілер мен симптомдар пайда болған кезде МЕЗАКАР® SR дереу тоқтату керек.
Карбамазепинге аса жоғары сезімталдық реакциясы бар пациенттер пациенттердің 25-30% - ында окскарбазепинге (Трилептал) аса жоғары сезімталдық реакциясы болуы мүмкін екендігі туралы хабардар етілуі тиіс.
Карбамазепин мен эпилепсияға қарсы хош иісті препараттар (мысалы, фенитоин, примидон және фенобарбитал) арасында айқаспалы аса жоғары сезімталдық болуы мүмкін.
МЕЗАКАР® SR типті және атипиялы абсанстарды қамтитын аралас ұстамалары бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек. Осы жағдайлардың барлығында МЕЗАКАР®SR ұстамаларды күшейте алады. Ұстамалар өршіген жағдайда МЕЗАКАР®SR қабылдауды тоқтату керек.
Ұстамалар жиілігінің артуы пероральді препараттан суппозиторийлерге ауысқан кезде орын алуы мүмкін.
Дозаны төмендету және тоқтату әсерлері
МЕЗАКАР® SR қабылдауды кенеттен тоқтату эпилепсиялық ұстамаларды қоздыруы мүмкін, сондықтан карбамазепинді біртіндеп тоқтату керек. Егер эпилепсиясы бар пациентті МЕЗАКАР® SR емдеуді күрт үзуге тура келсе, бұл жағдайда осындай жағдайларда көрсетілген препаратты пайдаланып, эпилепсияға қарсы басқа дәріге көшуді жүзеге асыру қажет.
Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер
Карбамазепин жүкті әйел қолданған кезде шаранаға зиян тигізуі мүмкін. Карбамазепиннің пренаталдық әсері туа біткен күрделі даму ақауларының және дамудың басқа да жағымсыз салдарының қаупін арттыруы мүмкін.
Егер емдеудің баламалы нұсқаларын мұқият қарастырғаннан кейін пайдасы басым деп танылмаса, карбамазепинді ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдерге қолдануға болмайды.
Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер жүктілік кезінде карбамазепин қабылдаған жағдайда шарана үшін ықтимал қаупі туралы толық хабардар болуы керек.
Карбамазепинмен емдеуді бастамас бұрын, бала туатын жастағы әйелдер жүктілікті анықтау тестін жасау мүмкіндігін қарастыруы керек.
Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер емдеу кезінде және емдеуді тоқтатқаннан кейін екі аптадан соң тиімді контрацепцияны қолдануы керек. Ферменттердің индукциясына байланысты карбамазепин гормондық контрацептивтердің емдік әсерінің бұзылуына әкелуі мүмкін, сондықтан бала туатын жастағы әйелдер контрацепцияның басқа тиімді әдістерін қолдану туралы кеңес алуы керек.
Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер жүктілікті жоспарлай салысымен бала біткенге және контрацепция тоқтатқанға дейін баламалы емдеуге көшуді талқылау үшін дәрігермен кеңесу керек.
Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдерге жүкті болса немесе жүкті болуым мүмкін деп ойласа және карбамазепин қабылдаса, дереу дәрігерге қаралуға кеңес беру керек.
Эндокринологиялық әсерлер
МЕЗАКАР® SR бір мезгілде пероральді контрацептивтер қолданылған жағдайларда әйелдерде етеккір арасындағы кезеңде қан кетулердің пайда болуы туралы хабарламалар белгілі. МЕЗАКАР® SR пероральді контрацепциялық препараттардың емдік әсерін айтарлықтай төмендетуі мүмкін, сондықтан бала көтеруге қабілетті әйелдер МЕЗАКАР® SR емдеу кезеңінде жүктіліктен сақтанудың баламалы әдістерін қолдануы тиіс.
МЕЗАКАР® SR қабылдайтын және гормондық контрацепцияға мұқтаж әйел пациенттер құрамында кемінде 50 мкг эстроген бар препаратты қабылдауы тиіс немесе контрацепцияның қандай да бір баламалы гормондық емес әдісін пайдалану мүмкіндігін қарастыру керек.
Қан плазмасындағы карбамазепин деңгейіне мониторинг жүргізу
Препарат дозасының көлемі және қан плазмасындағы карбамазепин деңгейі, оның клиникалық тиімділігі немесе көтерімділігі арасындағы өзара байланыс аса елеусіз болса да, плазмадағы деңгейін тұрақты түрде анықтау мынадай жағдайларда пайдалы болуы мүмкін: ұстамалар жиілігінің күрт артуы кезінде, пациенттің препаратты тиісті түрде қабылдайтынын тексеру үшін; жүктілік кезінде; балаларды немесе жасөспірімдерді емдеу кезінде; препарат сіңірілуінің бұзылуына күдік болған кезде; егер пациент бірнеше дәрілік заттарды қабылдаған жағдайда уытты реакциялардың дамуына күдік болған кезде.
Сақтандыру шаралары
Анамнезінде жүрек, бауыр, бүйрек аурулары, басқа дәрілік заттарға жағымсыз гематологиялық реакциялар туралы немесе бұрын жүргізілген МЕЗАКАР® SR препаратымен емнің тоқтатылғаны туралы мәліметтер бар пациенттерге препаратты емдеудің күтілетін әсерінің және емнің ықтимал қаупінің арақатынасын мұқият талдағаннан кейін және мұқият және тұрақты бақылауды қамтамасыз еткеннен кейін ғана тағайындау керек.
Несептің жалпы талдауын және қандағы мочевина деңгейін зерттеу ұсынылады.
Гипонатриемия
Карбамазепинді қабылдаған кезде гипонатриемияның дамуы мүмкін екені белгілі. Карбамазепинмен емдеу басталғанға дейін қан сарысуындағы натрий деңгейін натрийдің аз мөлшерімен байланысты бүйрек аурулары бар пациенттерде немесе натрий деңгейін төмендететін препараттарды бір мезгілде қабылдайтын пациенттерде (мысалы, диуретиктер, АДГ-ның талапқа сай емес секрециясымен байланысты дәрілік заттар) өлшеу керек. Содан кейін қан сарысуындағы натрий деңгейін шамамен екі аптадан кейін және емнің алғашқы үш айында ай сайын немесе клиникалық қажеттілікке сәйкес өлшеу керек. Бұл қауіп факторлары әсіресе егде жастағы пациенттерге қатысты. Клиникалық көрсетілген жағдайларда суды шектеу гипонатриемияның дамуындағы маңызды қарсы шара болып табылады.
Гипотиреоз
Карбамазепин ферменттерді индукциялау арқылы қан сарысуындағы тиреоидты гормондардың концентрациясын төмендетуі мүмкін, бұл гипотиреозы бар пациенттерде орын басатын тиреоидты емнің дозасын арттыруды талап етеді. Орын басатын тиреоидты емнің дозасын түзету үшін қалқаншабез функциясына мониторинг жүргізу ұсынылады.
Антихолинергиялық әсерлер
МЕЗАКАР® SR әлсіз антихолинергиялық белсенділікке ие. Сондықтан препаратты көзішілік қысымы жоғары пациенттерде қолданған жағдайда осы көрсеткішті тұрақты бақылау қажет.
Психиатриялық әсерлер
Жасырын ағымды психоздардың белсену мүмкіндігін, ал егде жастағы пациенттерде бағдардан адасудың немесе қозудың даму мүмкіндігін назарға алу керек.
Құлау
МЕЗАКАР®SR препаратымен емдеу атаксиямен, бас айналумен, ұйқышылдықпен, гипотониямен, сананың шатасуымен, седациямен байланысты болды, бұл құлауға, демек сынуға немесе басқа жарақаттарға әкелуі мүмкін. Аурулары, жағдайлары бар пациенттер үшін немесе осы әсерлерді нашарлатуы мүмкін препараттарды қолданған кезде, МЕЗАКАР® SR ұзақ уақыт емдеген кезде құлау қаупін толық бағалау жүйелі түрде қаралуы тиіс.
МЕЗАКАР® SR құрамында әр таблеткада 1 ммольден аз натрий (23 мг) бар, яғни шын мәнінде «натрийсіз».
Арнайы сақтандырулар
Жүктілік
Эпилепсияға қарсы дәрілік заттарды (ЭДЗ) қолданумен байланысты жалпы қауіп.
Эпилепсияға қарсы емді қолданатын ұрпақ өрбіту жасындағы барлық әйелдерге, әсіресе жүктілікті жоспарлайтын әйелдерге және жүкті әйелдерге құрысулар мен эпилепсияға қарсы емдеуден туындаған шарана үшін ықтимал қаупіне қатысты медициналық кеңес беру керек.
ЭДЗ емдеуді кенеттен тоқтатудан аулақ болу керек, өйткені бұл әйел мен туылмаған бала үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін құрысудың туындауына әкелуі мүмкін.
Мүмкін болса, жүктілік кезінде эпилепсияны емдеу үшін монотерапияға артықшылық беріледі, өйткені бірнеше ЭДЗ емі туа біткен даму ақауларының жоғары қаупімен байланысты болуы мүмкін.
Карбамазепинмен байланысты қауіптер
Карбамазепин плаценталық бөгет арқылы өтеді. Карбамазепиннің пренаталдық әсері туа біткен даму ақауларының және дамудың басқа да жағымсыз салдарының қаупін арттыруы мүмкін. Жүктілік кезінде карбамазепиннің әсері күрделі даму ақауларының жиілігімен байланысты, жалпы популяцияға қарағанда 2-3 есе жоғары, жиілігі 2-3% құрайды. Жүктілік кезінде карбамазепин қолданған анада шарананың жүйке түтігінің ақаулары, бассүйек-бет ақаулары, ерін/таңдай жырығы, жүрек-қантамырдың даму ақаулары, гипоспадия, саусақ гипоплазиясы және шарана организмінің әртүрлі жүйелеріне әсер ететін басқа да ауытқулар сияқты даму ақаулары туралы хабарланды. Дамудың осы кемшіліктерін мамандандырылған антенаталдық бақылау ұсынылады. Жүктілік кезінде карбамазепинді жеке-жеке немесе басқа ЭДЗ-мен біріктіріп қолданған эпилепсиясы бар әйелдерден туған балалар арасында жүйке дамуының бұзылғаны туралы хабарланды. Жүктілік кезінде карбамазепин қабылдаған балалардағы жүйке жүйесінің бұзылудың даму қаупімен байланысты зерттеулер қайшылықты және қаупін жоққа шығаруға болмайды.
Егер емдеудің баламалы нұсқаларын мұқият қарастырғаннан кейін пайдасы басым деп танылмаса, карбамазепинді жүктілік кезінде әйелдерге қолдануға болмайды. Әйел толық хабардар етілуі және жүктілік кезінде карбамазепинді қабылдаудың қаупін түсінуі керек.
Деректер карбамазепинді қолдану кезінде даму ақауларының пайда болу қаупі дозаға байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді. Егер пайдасын/қаупін мұқият бағалау негізінде және емдеудің баламалы нұсқасы сәйкес келмесе және карбамазепинмен емдеу жалғастырылса, монотерапияны және карбамазепиннің төмен тиімді дозасын қолдану керек және қан плазмасындағы деңгейлерді бақылау ұсынылады. Плазмадағы концентрацияны құрысуды бақылауды қолдаумен емдік диапазонының төменгі бөлігінде 4-тен 12 мкг/мл-ге дейін ұстап тұруға болады.
Карбамазепин сияқты кейбір ЭДЗ қан сарысуындағы фолаттар деңгейін төмендететіні хабарланды. Бұл тапшылық эпилепсиямен ауыратын анадағы шарананың туа біткен ақаулары жиілігінің артуына ықпал етеді. Жүктілікке дейін және жүктілік кезінде фолий қышқылын қабылдау ұсынылады. Нәрестедегі қан ұюы бұзылуының алдын алу үшін жүктіліктің соңғы апталарында аналарға, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге К1 дәруменін беру ұсынылады.
Егер әйел жүкті болуды жоспарласа, бала біткенге және контрацепцияны тоқтатқанға дейін тиісті баламалы емге көшу үшін барлық күш-жігерді жұмсауы керек. Егер әйел карбамазепинді қабылдау кезінде жүкті болса, оны емдеу әдісін бағалау және баламалы нұсқаларды қарастыру үшін маманға жіберу керек.
Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер
Карбамазепинді емдеудің баламалы нұсқаларынан ықтимал пайда/қауіп басым болатын жағдайларды қоспағанда, ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдерге қолдануға болмайды. Әйелге толық ақпарат берілуі керек және жүктілік кезінде карбамазепин қабылдаған кезде шарана үшін ықтимал қаупін түсіну керек, сондықтан жүктілікті алдын ала жоспарлау маңызды. Карбамазепинмен емдеуді бастар алдында ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдерде жүктілікті анықтау тестін жүргізу мүмкіндігін қарастыру керек.
Ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер емдеу кезінде және емді аяқтаған соң екі апта бойы тиімді контрацепцияны қолдануы тиіс. Ферменттердің индукциясына байланысты карбамазепин гормондық контрацептивтердің емдік әсерінің бұзылуына әкелуі мүмкін, сондықтан ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер контрацепцияның басқа тиімді әдістерін қолдану туралы кеңес алуы керек. Ең болмағанда контрацепцияның бір тиімді әдісін (мысалы, жатырішілік) немесе бөгеу әдісін қоса алғанда, контрацепцияның екі қосымша түрін пайдалану керек. Контрацепция әдісін таңдағанда пациентті талқылауға тарта отырып, жеке жағдайларды бағалау керек.
Бала емізу
Ана сүтіне карбамазепиннің және оның белсенді метаболитінің аз ғана бөлігі түседі (сүттегі/плазмадағы концентрациясы 0,24 – 0,69 құрайды). Сондықтан карбамазепинді лактация кезеңінде тағайындауға болады. Дегенмен, жаңа туған нәрестелерге препараттың ықтимал әсерінің туындауын (салмақ қосу жылдамдығының төмендеуі, седативті әсер) бақылау қажет. Осы әсерлер туындаған кезде баланы емшектен шығару керек. Босанғанған дейін және/немесе бала емізу кезеңінде карбамазепиннің әсеріне ұшыраған нәрестелерде холестаздық гепатит туралы бірнеше хабарлама алынды. Сондықтан карбамазепин алған аналардың емшек еметін балаларын бауыр тарапынан болатын жағымсыз реакциялардың бар-жоғына мұқият бақылау керек.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Емдеу кезінде автокөлік басқарған және зейін қою мен психомоторлық реакциялардың жылдамдығын қажет ететін, қауіптілігі зор басқа қызмет түрлерімен шұғылданған жағдайда сақтық таныту қажет.