Диане® 35 препаратының құрамында прогестин – ципротерон ацетаты мен эстроген – этинилэстрадиол бар, және етеккір оралымының 21 күні бойына қолданылады. Препараттың құрамы басқа біріктірілген оральді контрацептивтермен (БОК) ұқсас.
Қолдану ұзақтығы
Симптомдардың жеңілдеуіне дейінгі уақыт кемінде үш айды құрайды. Емдеуші дәрігер емді жалғастыру қажеттілігін анықтау үшін, жүйелі түрде тексеру жүргізуі тиіс.
Төменде атап келтірілген жағдайлардың немесе қауіп факторларының кез келгені болған жағдайда, Диане® 35 препаратын қолданудың әйел үшін ықтимал қауіптермен салыстырғандағы пайдасын мұқият саралау, мұны әйелмен, ол препаратты қабылдауға шешім қабылдағанға дейін талқылау керек. Аталған жағдайлардың немесе қауіп факторларының кез келгені нашарлаған/өршіген немесе алғаш пайда болған жағдайда, әйел емдеуші дәрігерімен кеңесуі керек. Дәрігер препараттың қолдануын тоқтату керектігін шешеді.
Қанайналым жүйесінің бұзылулары
Диане® 35 препаратын қабылдап жүрген пациент әйелдерде, аталған препаратты қабылдамайтын әйелдермен салыстырғанда, веналық тромбоэмболияның (ВТЭ) даму қаупі жоғары. ВТЭ қаупінің айтарлықтай жоғарылауы Диане® 35 препаратын қабылдаудың алғашқы жылы ішінде немесе қабылдауды қайта бастаған кезде, сондай-ақ, аталған препаратқа қабылдаудағы кемінде бір ай үзілістен кейін қайта көшкен кезде байқалады. Веналық тромбоэмболия 1-2% жағдайда өлімге соқтыруы мүмкін.
Эпидемиологиялық зерттеулерде ВТЭ дамуының жиілігі, құрамында левоноргестрел бар біріктірілген оральді контрацептивтерді (БОК) пайдаланып жүрген әйелдерге қарағанда, Диане® 35 пайдаланушыларда 1.5-2 есе жоғары екені, және құрамында дезогестрел, гестоден және дроспиренон бар БОК аясында салыстырымды болуы мүмкін екендігі көрсетілді.
Диане® 35 препаратын қабылдап жүрген әйелдердің тобына, мысалы, аналық бездердің поликистозы синдромына байланысты, туа біткен кардиоваскулярлық қауіп деңгейі жоғары пациент әйелдер қосылуы ықтимал.
Бұдан өзге, эпидемиологиялық зерттеулердің мәліметтері гормональді контрацептивтерді қолдану мен артериялық тромбоэмболия (миокард инфарктісі, транзиторлық ишемиялық шабуыл) қаупінің жоғарылау арасында байланыс барын көрсетеді.
Гормональді контрацептивтерді қабылдап жүрген әйелдерде, артериялар мен веналар тромбозының басқа жерлерде, мысалы бауырда, шажырқайда, бүйректе, мида немесе торқабықта орныққан өте сирек жағдайлары сипатталған.
Веналық немесе артериялық тромбоз немесе цереброваскулярлық оқиғалардың симптомдары мыналар болуы мүмкін:
аяқтың әдеттен тыс біржақты ауыруы және/немесе ісінуі; сол жақ қолға иррадиациясының болуына немесе болмауына байланыссыз, кеуде қуысының кенеттен қатты ауыруы; күрт ентігу; кенеттен басталған жөтел ұстамасы; кез келген, әдеттен тыс, ауыр немесе ұзаққа созылған бас ауыруы; кенеттен ішінара немесе толықтай көрмей қалу; көзге қос көріну; сөйлеудің бұзылуы немесе сөйлей алмай қалу, бас айналуы, ошақтық құрысулармен немесе оларсыз жүретін естен тану; кенеттен басталған әлсіздік немесе дененің бір жақ жартысының немесе бір бөлігінің айқын ұюы; қимыл-қозғалыс бұзылулары, «жедел іштеспе» симптомдары.
Веналық тромбоэмболиялық бұзылулардың даму қаупі мына жағдайларда арта түседі:
• жас ұлғая келе;
• шылым шегетіндерде (темекі шегудің артуына байланысты, жас ұлғая келе, әсіресе 35 жастан асқан әйелдерде қауіптің қосымша артуы. 35 жастан асқан, Диане® 35 препаратын пайдаланғысы келетін әйелдерге қатаң түрде шылым шегуден бас тарту ұсынылады);
• отбасылық ауыр анамнез жағдайында (яғни, аға-қарындастарында немесе ата-анасында жастау кездерінде веналық тромбоэмболия болса). Тұқым қуалайтын бейімділікке күдіктенген жағдайда, әйелге гормональді контрацептивті пайдалану жөнінде шешім қабылдау үшін, дәрігермен кеңесу қажет;
• ұзақ уақыт төсек тартып жату режимінде, ауқымды операция, аяқтарға жасалған операция немесе ауыр жарақат кезінде. Мұндай жағдайларда біріктірілген пероральді контрацептивтерді қабылдауды тоқтату (жоспарлы операция жағдайында, оған дейін кемінде төрт апта бұрын) және қабылдауды, қозғалғыштық толық қалпына келгеннен кейін кемінде екі аптадан кейін қайта бастау ұсынылады. Егер Диане 35 препараты алдын-ала тоқтатылмаса, тромбозға қарсы ем тағайындауды қарастыру керек;
• семіздікте (дене салмағының индексі 30 кг/м2 артық болса)
Артериялық тромбоэмболиялық асқынулардың немесе цереброваскулярлық оқиғалардың даму қаупі мына жағдайларда арта түседі:
• жас ұлғая келе;
• шылым шегетіндерде (темекіні пайдаланудың артуына байланысты, жас ұлғая келе, әсіресе 35 жастан асқан әйелдерде қауіптің қосымша артуы. 35 жастан асқан, Диане 35 препаратын пайдаланғысы келетін әйелдерге қатаң түрде шылым шегуден бас тарту ұсынылады);
• дислипопротеинемияда;
• семіздікте (дене салмағының индексі 30 кг/м2 артық болса);
• артериялық гипертензияда;
• бас сақинасында;
• жүрек клапандарының аурулары кезінде;
• жүрекшелердің фибрилляциясы кезінде;
• отбасылық анамнез ауыр болса (аға-қарындастарындағы немесе ата-анасының жас кездеріндегі артериялық тромбоз). Тұқым қуалайтын бейімділікке күдіктенген жағдайда, әйелге гормональді контрацептивті пайдалану жөнінде шешім қабылдау үшін, дәрігермен кеңесу қажет;
Басқа аурулар кезінде қанайналым бұзылулары да байқалуы мүмкін: қант диабетінде, жүйелі қызыл жегіде, гемолиздік-уремиялық синдромда, ішектің созылмалы қабыну ауруында (Крон ауруы немесе ойық жаралы колит) және орақтәрізді жасушалы анемия кезінде.
Босанғаннан кейінгі кезеңде тромбоэмболия дамуының қаупі жоғарылайтынын ескеру керек.
Диане 35 препаратын қолдану аясында бас сақинасы жиілігінің немесе ауырлығының артуы (бұл цереброваскулярлық бұзылуларға ізашар болуы мүмкін) бұл препаратты қабылдауды дереу тоқтатуға негіз бола алады.
Диане® 35 препаратын қабылдап жүрген әйелдерге тромбоздың ықтимал симптомдары пайда болған жағдайда, міндетті түрде емдеуші дәрігеріне хабарласуды ұсыну керек. Тромбозға күдіктенген немесе расталған жағдайда, Диане® 35 препаратын қабылдауды тоқтату керек. Антикоагулянттардың (кумариндердің) тератогендік әсерін ескере отырып, контрацепцияның қолайлы әдістерін пайдалану керек.
Артериялық тромбоэмболиялық асқынулар өмірге қауіп төндіруі немесе өлімге соқтыруы мүмкін.
Бірнеше қауіп факторы біріккен немесе кез келген айқын қауіп факторы бар әйелдерде тромбоз қаупінің бұдан гөрі синергиялық жоғарылауы ықтималдығын ескеру керек. Диане® 35 препаратын пайда/қауіп арақатынасы теріс болған жағдайда тағайындамау керек.
Ісіктер
Жатыр мойны обырының дамуы қаупінің ең маңызды факторы адамдағы персистирленетін папиллома вирусы (АПВ) болып табылады. Кейбір эпидемиологиялық зерттеулерден, эстроген-прогестаген біріктірілімдерін ұзақ уақыт пайдалану бұл қауіпті қосымша арттыра түсетіні көрсетілді. Алайда, дәрежесіне қатысты, жатыр мойнын скринингтік тексеру және контрацепцияның бөгеттік әдісін қолдануды қоса, жыныстық қатынас сияқты салдарлы факторларға жататындығы жөнінде қарама-қайшы пікірлер сақталған.
54 эпидемиологиялық зерттеудің мета-талдауы, зерттеу кезінде эстроген-прогестаген біріктірілімдерді пайдаланып жүрген әйелдерде сүт безі обыры дамуының салыстырмалы қаупінің біраз жоғарылағанын (ОР=1,24) көрсетті. Қауіп жоғарылығы аталған препараттарды тоқтатқаннан кейін 10 жыл ішінде біртіндеп жойылады. Сүт безінің обыры 40 жасқа толмаған әйелдерде сирек байқалатындықтан, бұрын немесе қазір эстроген-прогестаген біріктірілімдерін қабылдап жүрген әйелдерде жалпы қауіпке қатысты сүт безі обырының диагнозы анықталған жағдайлардың артуы аз. Бұл зерттеулерде эстроген-прогестаген біріктірілімдерін қабылдаумен байланыстылығына дәлелдер жоқ. Байқалған қауіп жоғарылауы эстроген-прогестаген біріктірілімдерін қабылдап жүрген әйелдерде сүт безі обырының ерте анықталуының, осы препараттардың биологиялық әсерлерінің немесе екі фактордың бірігуінің салдары болуы мүмкін. Бұрын болса да эстроген-прогестаген біріктірілімдерін пайдаланған әйелдерде, оларды ешқашан қабылдамаған әйелдерге қарағанда, сүт без обырының ең бастапқы клиникалық сатыларының диагнозына үрдіс бар.
Сирек жағдайларда, Диане® 35 сияқты гормональді препараттарды қолданғаннан кейін, бауырдың қатерсіз, және одан да сирек – өмірге қауіп төндіретін құрсақішілік қан кетулерге алып келуі мүмкін қатерлі ісіктерінің дамығаны байқалды. Іштің жоғарғы бөлігінің ауыруына спецификалы емес шағымдар, бауырдың ұлғаюы немесе құрсақішілік қан кету белгілері пайда болған жағдайда, салыстырмалы диагностикада бауыр ісігін ескеру керек.
Қатерлі ісіктер өмірге қауіп төндіруі немесе өлімге соқтыруы мүмкін.
Менингиома
Ципротерон ацетатын күніне 25 мг және одан жоғары дозаларда, сондай-ақ ұзақ уақыт қолдану аясында менингиомалар (дара және көптеген) пайда болуы тіркелген. Пациент әйелде менингиома диагнозы қойылса құрамында ципротерон ацетаты бар барлық препараттарды, соның ішінде Диане® 35 препаратын қабылдауды сақтық ретінде тоқтату қажет.
Басқа бұзылулар
Гипертриглицеридемиясы бар немесе бұл ауру отбасылық анамнезінде болған әйелдерде эстроген-прогестаген біріктірілімдерін қабылдау кезінде панкреатиттің даму қаупі жоғарылауы мүмкін.
Эстроген-прогестаген біріктірілімдерін (мысалы, БОК немесе Диане® 35 сияқты) қабылдап жүрген көптеген әйелдерде артериялық қысымның аздап жоғарылауы сипатталғанына қарамастан, клиникалық маңызы бар жоғарылаулар сирек білінген. Алайда, егер Диане® 35 препаратын қабылдау кезінде тұрақты, клиникалық маңызы бар гипертензия дамыса, Диане® 35 препаратын тоқтату және гипертензияны емдеуді бастау керек. Гипертензияға қарсы емдеу аясында артериялық қысымның қалыпты мәндеріне жеткен кезде, мақсатқа сәйкес қажеттіллік болса, әйел адам Диане® 35 препаратын қабылдауды қайта бастай алады.
Келесі жағдайлар жүктілік немесе эстроген-прогестаген біріктірілімдерін қабылдау кезінде туындайды немесе нашарлай түседі: холестаздық сарғаю және/немесе қышыну, өт тастары; порфирия; жүйелі қызыл жегі; гемолиздік-уремиялық синдром; Сиденгам хореясы; жүкті әйелдердегі герпес; отосклерозбен байланысты естімей қалу, эпилепсия. Алайда, көрсетілген жағдайлар мен эстроген-прогестаген біріктірілімдерін қабылдаудың байланыстылығы дәлелденбеген.
Экзогенді түрде енгізілген эстрогендер тұқым қуалайтын және жүре пайда болған ангионевроздық ісіну симптомдарына түрткі болуы немесе өршітуі мүмкін.
Бауырдың жедел немесе созылмалы дисфункциясы бар болса, Диане® 35 препаратын қабылдауды бауыр функциясының көрсеткіштері қалыпқа түскенше тоқтата тұру қажет болуы мүмкін. Осының алдындағы жүктілік кезінде немесе осының алдында жыныстық стероидты гормондарды қабылдау кезінде туындаған қайталанатын холестаздық сарғаю және/немесе холестаздық қышыну кезінде де Диане® 35 препаратын қабылдауды тоқтату керек.
Эстроген-прогестаген біріктірілімдері инсулинге шеткері резистенттілік пен глюкозаға толеранттылыққа әсер етуі мүмкін болса да, төмен дозалы эстроген-прогестаген біріктірілімдерін (<0,05 мг этинилэстрадиол) пайдаланып жүрген, қант диабетімен пациенттерде емдеу режимін өзгерту қажеттілігіне дәлелдер жоқ. Дегенмен, Диане® 35 препаратын қабылдау кезінде қант диабеті бар әйелдерді мұқият қадағалау керек.
Эстроген-прогестаген біріктірілімдерін қабылдау Крон ауруымен және спецификалық емес ойық жаралы колитпен астасқан.
Басыңқы көңіл-күй мен депрессия гормональді контрацептивтерді қолданған кезде пайда болатын белгілі жағымсыз әсерлер болып табылады. Депрессия суицидалдық мінез-құлық және суицидтің белгілі қауіп факторы бола тұра ауыр болуы мүмкін. Әйелдерге көңіл-күй өзгерген жағдайда және депрессия симптомдары пайда болғанда, оның ішінде емді бастағаннан кейін көп ұзамай-ақ дәрігерге жолығуға кеңес беру керек.
Хлоазма сирек, әсіресе, анамнезінде жүкті әйелдердегі хлоазма болған әйелдерде туындауы мүмкін. Мұндайға бейімділігі бар әйелдер Диане® 35 препаратын қабылдау аясында тікелей түсетін күн немесе ультракүлгін сәулелердің әсерінен қорғануы тиіс.
Тиімділігінің төмендеуі
Диане® 35 препаратының контрацептивтік тиімділігі драженің қабылдауды өткізіп алған жағдайда, асқазан-ішек бұзылулары немесе кейбір препараттармен бірге қабылдаған жағдайда төмендеуі мүмкін.
Ретсіз қан кетулер
Эстроген мен прогестаген біріктірілімінің барлық препараттарын қабылдау аясында – әсіресе, қолданудың алғашқы бірнеше айы ішінде ретсіз қан кетулер (қан жұғуы немесе лақылдап қан кетулер) байқалуы мүмкін.
Кейбір әйелдерде қабылдаудағы 7 күндік үзіліс кезінде тоқтату қан кетуі болмауы мүмкін. Егер Диане® 35 препараты «Қолдану тәсілі және дозалары» бөліміндегі нұсқауларға сәйкес қолданылса, жүктіліктің ықтималдығы аз. Алайда егер, тоқтату қан кетуінің алғашқы болмауына дейін Диане® 35 препараты нұсқаулыққа сәйкес қолданылмаса, немесе егер екі рет қатарынан тоқтату қан кетуі болмаса, онда препаратты пайдалануды жалғастырмас бұрын, жүктіліктің бар-жоқтығын анықтау керек.
Диане® 35 препаратының бір дражесінің құрамында 31 мг лактоза моногидраты мен 19 мг сахароза бар. Галактозаны немесе фруктозаны көтере алмаушылық, лактазалық жеткіліксіздік, глюкоза-галактозалық мальабсорбция немесе сахараза-изомальтаза тапшылығы сияқты сирек тұқым қуалайтын бұзылулары бар пациент әйелдерге Диане® 35 препаратын қабылдамаған дұрыс.
Арнайы ескертулер
Педиатрияда қолданылуы
Диане 35 препаратын тек менархе кезеңі басталғаннан кейін ғана қолдануға болады.
Егде жастағы пациент әйелдер
Қолданылмайды. Диане 35 препараты әйелдерге менопауза басталғаннан кейін ұсынылмайды.
Бауыр жеткіліксіздігі бар пациент әйелдер
Диане 35 препаратын бауырдың ауыр ауруы бар әйелдерге, бауыр функциясының көрсеткіштері нормаға келгенше қолдануға болмайды
Бүйрек жеткіліксіздігі бар пациент әйелдер
Диане 35 препараты бүйрек функциясының бұзылуы бар пациент әйелдерде арнайы зерттелген жоқ. Қолда бар мәліметтер пациент әйелдердің аталған тобында емдеуді түзету қажеттілігін көрсетпейді.
Құрамындағы лактоза мен сахароза
Диане® 35 препаратының бір дражесінің құрамында 31 мг лактоза моногидраты мен 19 мг сахароза бар. Галактозаны немесе фруктозаны көтере алмаушылық, лактаза жеткіліксіздігі, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы немесе сахараза-изомальтаза тапшылығы сияқты сирек тұқым қуалайтын бұзылулары бар пациент әйелдерге Диане® 35 препаратын қабылдамаған дұрыс.
Жүктілік
Жүктіліктің бар-жоқтығын анықтау керек. Диане 35 препараты жүктілік кезінде қолданылмайды. Егер препаратты қабылдау кезінде жүктілік анықталса, оны қабылдауды дереу тоқтату қажет. Алайда егер әйел Диане® 35 препаратын жүктілік болғанша қабылдаса, бұл жүктілікті тоқтатудың себебі емес.
Лактация
Диане 35 препараты лактация кезеңінде қолданылмайды, өйткені ципротерон ацетаты сүтпен бөлініп шығуы мүмкін. Анасы қабылдаған дозасының 0,2%-ға жуығы емшектегі баланың организміне түсуі мүмкін, бұл 1 мкг/кг жуық дозасына сәйкес келеді. Лактация кезінде анықталғанындай, анасы қабылдаған этинилэстрадиолдың тәуліктік дозасының 0,02%-ы жаңа туған нәрестенің организміне емшек сүтімен сіңірілуі мүмкін.
Препараттың көлік құралын және потенциалды қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпал ерекшеліктері
Көлік құралын және потенциалды қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне ықпалы жоқ.