Анамнезінде аллергиялық жағдайы бар пациенттерде сақтықпен қолдану керек.
Дексалгин® инъект препаратын ҚҚСП-мен, оның ішінде циклооксигеназа-2 селективті тежегіштерімен үйлесімде қолданудан аулақ болу керек.
Жағымсыз әрекеттерді жағдайды жақсарту үшін қажетті ең аз уақыт ішінде ең аз тиімді дозаны пайдалану есебінен қысқартуға болады.
Арнайы сақтандырулар
Асқазан-ішек жолына қатысты қауіпсіздік
Кез келген ҚҚСП-ны қабылдауға байланысты пациенттің өміріне қауіп төндіруі мүмкін асқазан-ішектен қан кетулер, ойықжаралар немесе ойықжаралардың тесілуі туралы ізашар симптомдардың пайда болуымен де, оларсыз да, сондай-ақ анамнезінде асқазан-ішек жолы тарапынан ауыр патологияның болуына қарамастан емдеудің бүкіл кезеңі ішінде хабарланды. Дексалгин® инъект препаратын қолдану аясында асқазан-ішектен қан кету дамыған кезде оны қабылдауды тоқтату керек.
Асқазан-ішектен қан кету, ойықжараның пайда болу немесе тесілу қаупі анамнезінде ойықжарасы бар пациенттерде, әсіресе қан кетумен немесе тесілумен асқынған пациенттерде ҚҚСП дозасының ұлғаюымен жоғарылайды.
Егде жастағы пациенттерді емдеуді мүмкін болатын ең аз дозадан бастаған жөн, өйткені қабынуға қарсы стероидты емес препараттарға, әсіресе өмірге қауіп төндіруі мүмкін асқазан-ішектен қан кету және ойықжараның тесілуі сияқты жағымсыз реакциялардың пайда болу жиілігі жоғарылаған.
Декскетопрофен трометамолмен емдеуді бастар алдында және анамнезінде эзофагит, гастрит және/немесе ойықжара ауруы болған кезде - басқа ҚҚСП жағдайларындағыдай - бұл аурулардың ремиссия сатысында екендігіне көз жеткізу керек. АІЖ патологиясы симптомдары бар және анамнезінде асқазан-ішек аурулары бар пациенттерде асқорыту жолы тарапынан ықтимал бұзылуларға, әсіресе асқазан-ішектен қан кетуге бақылау жүргізу қажет.
ҚҚСП-ны анамнезінде асқазан-ішек аурулары (ойықжаралы колит, Крон ауруы) бар пациенттерге сақтықпен тағайындау керек, өйткені осы аурулардың өршу қаупі бар.
Осы пациенттер үшін, сондай-ақ төмен дозаларда ацетилсалицил қышқылымен қатар емдеуді немесе асқазан-ішек жолы тарапынан бұзылулардың туындау қаупін арттыратын басқа препараттарды қабылдауды қажет ететін пациенттер үшін протектор-препараттармен, мысалы, мизопростолмен немесе протон сорғыларының тежегіштерімен біріктірілген ем қолдану мүмкіндігін қарастыру керек.
Анамнезінде АІЖ тарапынан уытты реакциялар орын алған пациенттер, әсіресе егде жастағы пациенттер емдеудің бастапқы кезеңдерінде - барлық қалыптан тыс абдоминальді симптомдар (әсіресе асқазан - ішектен қан кету) туралы хабарлауы тиіс.
Препаратты ойықжара немесе қан кету қаупін арттыруы мүмкін дәрілерді бір мезгілде қабылдайтын пациенттерге сақтықпен тағайындау керек: пероральді кортикостероидтар, антикоагулянттар, мысалы варфарин, серотонинді қайта қармаудың селективті тежегіштері немесе ацетилсалицил қышқылы сияқты антиагреганттар.
Бүйрек тарапынан болатын бұзылулар
Бүйрек функциясы бұзылған пациенттерге препаратты сақтықпен тағайындау керек, өйткені ҚҚСП қолдану аясында бүйрек функциясының нашарлауы, организмде сұйықтықтың іркілуі және ісінулер мүмкін. Нефроуыттылық қаупінің жоғарылауына байланысты препаратты диуретиктермен емдеу кезінде, сондай-ақ гиповолемияның дамуы мүмкін пациенттерге сақтықпен тағайындау керек.
Емдеу кезінде сусыздануды болдырмау үшін организм жеткілікті сұйықтық алуы керек, бұл бүйрекке уытты әсердің күшеюіне әкелуі мүмкін.
Барлық ҚҚСП сияқты, препарат қан плазмасындағы мочевина мен креатинин азотының концентрациясын арттыра алады. Простагландиндер синтезінің басқа тежегіштері сияқты, оны қолдану бүйрек тарапынан гломерулонефритке, интерстициальды нефритке, папиллярлық некрозға, нефроздық синдромға және бүйрек функциясының жедел жеткіліксіздігіне әкелетін жанама әсерлермен бірге жүруі мүмкін.
Егде жастағы пациенттер бүйрек функциясының бұзылуына көбірек бейім.
Бауыр тарапынан бұзылулар
Бауыр функциясы бұзылған пациенттерге препаратты сақтықпен тағайындау керек. Басқа ҚҚСП-ға ұқсас, препарат бауырдың кейбір көрсеткіштерінің уақытша және елеусіз ұлғаюына, сондай-ақ АСТ және АЛТ белсенділігінің айқын жоғарылауына әкелуі мүмкін. Көрсетілген көрсеткіштердің тиісті жоғарылауы кезінде терапияны тоқтату керек.
Егде жастағы пациенттер бауыр функциясының бұзылуына көбірек бейім.
Жүрек-қантамыр жүйесі мен ми қанайналымына қатысты қауіпсіздік
Анамнезінде гипертензиясы және/немесе жүрек функциясының жеңілден орташа ауырлыққа дейінгі жеткіліксіздігі бар пациенттерге тиісті бақылау мен ұсынымдар қажет. Анамнезінде жүрек аурулары бар, атап айтқанда, жүрек функциясы жеткіліксіздігінің алдыңғы эпизодтары бар пациенттерді емдеу кезінде ерекше сақтықты сақтау қажет, өйткені ҚҚСП терапиясы жүрек функциясы жеткіліксіздігінің даму қаупін арттыруы мүмкін; ҚҚСП қабылдаумен байланысты сұйықтықтың іркілу және ісіну жағдайлары сипатталған.
Деректер кейбір ҚҚСП қолдану аясында (әсіресе жоғары дозаларда және ұзақ уақыт бойы) артериялық тромбоздың даму қаупі (мысалы, миокард инфарктісі немесе инсульт) аздап артуы мүмкін деп болжауға мүмкіндік береді. Декскетопрофен трометамолды қолдану кезінде мұндай қауіпті жоққа шығару үшін деректер жеткіліксіз.
Сондықтан, бақыланбайтын артериялық гипертензия, жүрек функциясының іркілген жеткіліксіздігі, жүректің ишемиялық ауруы, шеткергі артериялар және/немесе ми қантамырларының аурулары кезінде декскетопрофенді пациенттің жағдайын мұқият бағалағаннан кейін ғана тағайындау керек. Жүрек-қантамыр ауруларының даму қаупі факторлары бар пациенттерді (мысалы, артериялық гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, шылым шегу кезінде) ұзақ емдеуді бастар алдында мұқият тексеру қажет.
Декскетопрофен қабылдайтын емделушілерде Коунис синдромының дамуы туралы хабарланған. Коунис синдромы коронарлық артериялардың тарылуымен байланысты аллергиялық немесе аса жоғары сезімталдық реакцияларының салдары болып табылатын және ықтимал миокард инфарктісіне әкеп соқтыратын жүрек-қантамыр симптомдарының жиынтығы ретінде анықталады.
Барлық селективті емес ҚҚСП тромбоциттер агрегациясын азайтуға және простагландиндер синтезін басу арқылы қан кету уақытын арттыруға қабілетті. Операциядан кейінгі кезеңде профилактикалық дозаларда декскетопрофен мен төмен молекулалы гепаринді бірге қолдану коагуляция көрсеткіштеріне әсер етпейтін болып бағаланды. Дегенмен, гемостазға әсер ететін дәрілік заттарды, мысалы декскетопрофенмен бірге варфарин, басқа кумариндер немесе гепариндерді алатын пациенттер дәрігердің мұқият бақылауында болуы тиіс.
Егде жастағы пациенттер жүрек-қантамыр жүйесі функциясының бұзылуына көбірек бейім.
Тері реакциялары
ҚҚСП қолданумен өзара байланыста ауыр тері реакцияларының, кейде өліммен аяқталатын, мысалы, эксфолиативтік дерматиттің, Стивенс-Джонсон синдромының және уытты эпидермалық некролиздің өте сирек жағдайлары сипатталған. Емдеудің бастапқы кезеңінде уытты тері реакцияларының даму қаупі жоғары болып көрінеді, өйткені көп жағдайда тері реакциялары емдеудің бірінші айында дамиды. Тері бөртпесі, шырышты қабықтың зақымдану белгілері немесе аса жоғары сезімталдықтың басқа симптомдары пайда болған кезде Дексалгин® инъект препаратымен емдеуді тоқтату керек.
Негізгі инфекциялардың симптомдарын бүркемелеу
Дексалгин® инъект инфекция симптомдарын бүркемелеуі мүмкін, бұл тиісті емнің басталуын кешіктіруге және сол арқылы инфекцияның нәтижесін нашарлатуға әкелуі мүмкін. Бұл ауруханадан тыс бактериялық пневмонияда және желшешектің бактериялық асқынуларында байқалды. Дексалгин инъект препаратын инфекцияға байланысты ауырсынуды жеңілдету үшін енгізгенде, инфекцияны бақылау ұсынылады. Ауруханамен байланысты емес жағдайларда, егер симптомдар сақталса немесе нашарласа, пациент дәрігерге қаралу керек.
Жекелеген жағдайларда ҚҚСП қолданумен уақытша байланысты жұмсақ тіндер инфекцияларының өршуі сипатталған. Сондықтан, егер терапия кезінде бактериялық инфекцияның белгілері пайда болса немесе нашарласа, пациентке дереу дәрігерге қаралу ұсынылады.
Қосымша ақпарат
Препаратты келесі пациенттерге тағайындағанда ерекше сақтық қажет:
- порфирин метаболизмінің тұқым қуалайтын бұзылуымен (мысалы, жедел ұстамалы порфирия кезінде)
- сусызданумен
- тікелей ірі хирургиялық араласулардан кейін.
Егер дәрігер декскетопрофенді ұзақ уақыт қолдану қажет деп санаса, бауыр мен бүйрек функциясын үнемі бақылап отыру керек.
Өте сирек жағдайларда ауыр дәрежедегі аса жоғары сезімталдықтың жедел реакциялары (мысалы, анафилаксиялық шок) байқалды. Дексалгин® инъект препаратын қабылдағаннан кейін аса жоғары сезімталдықтың ауыр реакциялары дамуының алғашқы белгілерінде емдеуді тоқтату керек. Симптомдарға байланысты мұндай жағдайларда қажет кез келген емдеу тиісті дәрігер-маманның бақылауымен жүргізілуі керек.
Созылмалы ринитпен, созылмалы синуситпен және/немесе мұрын полиптерімен бірге демікпемен ауыратын пациенттер басқа тұрғындарға қарағанда ацетилсалицил қышқылына және/немесе ҚҚСП-ға аллергияның жоғары қаупіне бейім. Бұл препаратты тағайындау, әсіресе ацетилсалицил қышқылына немесе ҚҚСП аллергиясы бар пациенттерде демікпе немесе бронх түйілуі ұстамаларын тудыруы мүмкін.
Ерекше жағдайларда желшешек аясында терінің және жұмсақ тіндердің ауыр инфекциялық асқынулары дамуы мүмкін. Осы уақытқа дейін осы инфекциялық процесті күшейтуде ҚҚСП рөлін жоққа шығаруға мүмкіндік беретін деректер алынған жоқ. Сондықтан желшешек кезінде Дексалгин® инъект препаратын қабылдаудан аулақ болу ұсынылады.
Дексалгин® инъект препаратын қан түзілуінің бұзылуынан, жүйелі қызыл жегі мен дәнекер тіннің аралас ауруларынан зардап шегетін пациенттерге сақтықпен енгізу керек.
Осы препараттың бір ампуласында (2 мл) 200 мг дейін алкоголь (этанол) бар, бұл дозасына 3 мг/кг сәйкес келеді (10% мас./к.). Дәрілік препараттың бір ампуласындағы этанол (2 мл) мөлшері 5 мл сыраға немесе 2 мл шарапқа сәйкес келеді.
Бұл препараттың құрамындағы алкогольдің аздаған мөлшері айтарлықтай әсер етпейді.
Препараттың құрамында бір дозаға 1 ммоль-ден аз натрий (23 мг) бар, яғни дәрілік заттың құрамында «натрий жоқ» деп санауға болады.
Жүктілік
Простагландиндер синтезін басу жүктілікке және / немесе эмбрион мен шарананың дамуына теріс әсер етуі мүмкін. Эпидемиологиялық бақылаулардың нәтижелеріне сәйкес, жүктіліктің ерте кезеңдерінде простагландиндердің синтезін басатын препараттарды қолдану түсік түсу, шаранада жүрек ақауының пайда болу және іштің алдыңғы қабырғасының бітіспеуі қаупін арттырады. Сонымен, жүрек-қантамыр жүйесі ауытқуларының дамуының абсолютті қаупі < 1% - дан шамамен 1,5% - ға дейін өсті. Дозаның жоғарылауымен және емнің ұзақтығымен қауіп артады деп саналады.
Жүктіліктің 20-шы аптасынан бастап декскетопрофенді қолдану шарананың бүйрек функциясының бұзылуы нәтижесінде олигогидрамниозды тудыруы мүмкін. Бұл ем басталғаннан кейін көп ұзамай пайда болуы мүмкін, бірақ емді тоқтатқаннан кейін әдетте олигогидрамниоздың кері дамуы жүреді. Сонымен қатар, жүктіліктің екінші триместрінде емделгеннен кейін артериялық түтіктің тарылуы туралы хабарламалар бар, бірақ көп жағдайда емдеуді тоқтатқаннан кейін қалыпты жағдайға оралуы орын алды. Демек, жүктіліктің бірінші және екінші триместрінде декскетопрофенді тағайындау шұғыл қажеттілік болған кезде ғана жасалуы керек.
Жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерге немесе жүктіліктің бірінші және екінші триместрінде декскетопрофенді тағайындағанда емдеудің қысқа уақыты ішінде ең аз дозаны таңдау керек. Декскетопрофенді жүктіліктің 20-шы аптасынан бастап бірнеше күн бойы қолданғаннан кейін олигогидрамниозға және артериялық түтіктің тарылуына антенатальді бақылау жүргізу керек. Олигогидрамниоз немесе артериялық түтіктің тарылуы анықталса, декскетопрофенді қабылдауды тоқтату керек.
Жүктіліктің үшінші триместрінде простагландиндер синтезі тежегіштерін қолдану аясында ұрықта келесі ауытқулар болуы мүмкін:
- жүрек-өкпе уыттылығының білінуі (артериялық түтіктің мерзімінен бұрын тарылуы/жабылуы және өкпе артериясы жүйесіндегі гипертензия);
- бүйрек функциясының бұзылуы (жоғарыдан қараңыз).
Жүктіліктің соңында анасында және жаңа туған нәрестеде келесі құбылыстар мүмкін:
- қан кету уақытының ұлғаюы-тромбоциттер агрегациясының тежелу әсері, тіпті препаратты өте төмен дозаларда қолданғанда да болуы мүмкін;
- босанудың кешеуілдеуіне немесе ұзаққа созылуына әкелетін жатырдың жиырылу белсенділігінің бәсеңдеуі.
Лактация кезеңі
Декскетопрофеннің ана сүтіне өтуі туралы ақпарат жоқ.
Дексалгин® инъект препаратын бала емізу кезінде қолдануға болмайды.
Фертильділік
Барлық ҚҚСП сияқты, декскетопрофен трометамоләйелдердің фертильділігін төмендетуі мүмкін, сондықтан оны жүктілікті жоспарлаған әйелдерге тағайындау ұсынылмайды. Жүкті бола алмай жүрген немесе бедеулікке байланысты тексеруден өткен әйелдерде декскетопрофен трометамолды қолдануды тоқтату мүмкіндігін қарастыру керек.
Препараттың көлік құралын және қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Дексалгин® таблеткалары препараты бас айналу, көрудің бұзылуы немесе ұйқышылдық сияқты жанама әсерлерді туындатуға қабілетті. Мұндай жағдайларда тез әрекет ету, жол жағдайына бағдарлану және механизмдерге қызмет көрсету қабілетінің төмендеуі мүмкін.