Жағымсыз әсерлерді ең төмен тиімді дозасын симптомдарды бақылау үшін қажетті ең аз уақыт ішінде пайдалана отырып, азайтуға болады. Басқа ҚҚСП қолданғандағы сияқты, ибупрофен қабылдау инфекция симптомдарын бүркемелеуі мүмкін.
Кез келген ауыруды басатын препараттарды ұзақ қолданғанда бас ауыруы туындауы мүмкін, оны дәрілік заттың дозасын ұлғайтумен емдеуге болмайды.
Препаратты алкогольмен бір уақытта қолданғанда белсенді затпен байланысты, әсіресе асқазан-ішек жолына немесе орталық жүйке жүйесіне қатысты жағымсыз әсерлер ҚҚСП қолданғанда күшеюі мүмкін.
Егде жастағы пациенттер
Егде жастағы пациенттерде ҚҚСП қолданғанда жағымсыз реакциялардың, әсіресе, өлімге әкелуі мүмкін асқазан-ішектен қан кету мен тесілудің даму жиілігі жоғарырақ.
Асқазан-ішектен қан кету, ойық жараның түзілуі және тесілу
Ибупрофен препаратын анамнезінде асқазан-ішек жолының (АІЖ) пептидтік ойық жаралы ауруы және басқа да аурулары бар пациенттерге сақтықпен тағайындайды, өйткені бұл жағдайлар өршіп кетуі мүмкін. Асқазан-ішектен қан кету, ойық жара немесе тесілу қаупі емдеу барысында кез-келген уақытта барлық ҚҚСП қолданған кезде хабарланған. Бұл жағымсыз реакциялар өлімге соқтыруы және анамнезінде АІЖ күрделі патологиясының болу-болмауына байланыссыз, ізашар симптомдарымен немесе оларсыз дамуы мүмкін. Ибупрофен препаратының дозаларын арттырғанда асқазан-ішектен қан кету, ойық жара немесе тесілудің даму қаупі анамнезінде әсіресе қан кетумен асқынған ойық жарасы бар немесе тесілуі бар және егде жастағы пациенттерде жоғарырақ. Мұндай пациенттер емдеуді ең төменгі қолжетімді дозасынан бастауы тиіс. Мұндай пациенттерге, сондай-ақ ацетилсалицил қышқылын/аспиринді төмен дозада немесе АІЖ зақымдану қаупін арттыруы мүмкін басқа препараттарды бір мезгілде қабылдап жүрген пациенттерге де қорғағыш препараттарды (мысалы, мизопростол немесе протондық сорғы тежегіштері) бір мезгілде тағайындау мүмкіндігін қарастыру керек.
Анамнезінде АІЖ аурулары бар, әсіресе егде жастағы пациенттер емдеудің бастапқы сатыларындағы кез-келген әдеттен тыс абдоминальді симптомдар туралы (әсіресе асқазан-ішектен қан кету туралы) хабарлауы тиіс. Ибупрофенді ойық жара немесе қан кетулердің даму қаупін арттыруы мүмкін мысалы, пероральді кортикостероидтар, антикоагулянттар мысалы, варфарин сияқты, серотонинді кері қармаудың селективті тежегіштері немесе тромбоцитке қарсы препараттар, мысалы ацетилсалицил қышқылы/аспирин сияқты препараттармен қатарлас ем алып жүрген пациенттерге сақтықпен тағайындау керек. Ибупрофен қабылдаған пациентте асқазан-ішектен қан кету немесе ойық жара дамыған жағдайда, препаратты тоқтату керек.
Ибупрофенді ойық жаралы колит немесе Крон ауруы бар пациенттерге сақтықпен тағайындау керек, себебі бұл жағдайлар шиеленісуі мүмкін.
Басқа ҚҚСП
Ойық жара немесе қан кету қаупі жоғары болғандықтан, ибупрофен мен циклооксигеназа-2 (ЦОГ-2) селективті тежегіштерін қоса, басқа ҚҚСП бір мезгілде тағайындалуын болдырмау керек.
Респираторлық бұзылыстар
Ибупрофен препаратын бронх демікпесінен, созылмалы риниттен немесе аллергиялық аурудан зардап шегіп жүрген пациенттерге, сондай-ақ анамнезінде осы аурулар бар пациенттерге сақтықпен тағайындау керек өйткені, ибупрофен препаратын бронх түйілуін, есекжем, ангионевроздық ісіну туғызуы мүмкін екендігі туралы хабарлар бар.
Жүрек, бүйрек және бауыр функциясының бұзылуы
Ибупрофен препаратын жүрек, бүйрек және бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерге сақтықпен тағайындау керек, өйткені ҚҚСП қолдану бүйрек функциясының нашарлауына әкелуі мүмкін. Ұқсас анальгетиктерді ұдайы бір мезгілде қосымша қабылдау бүйрек функциясының нашарлау қаупін жоғарылатады. Жүрек, бүйрек және бауыр функциясының бұзылуы бар пациенттерге қысқа уақыт ішінде препараттың ең төмен тиімді дозасын қабылдау керек және бүйрек функциясын, әсіресе ұзақ ем қабылдайтын пациенттерде бақылау керек. Бүйректік өзекшелік ацидоз және гипокалиемия жедел артық дозаланудан кейін және ибупрофен негізіндегі препараттарды ұзақ уақыт бойы жоғары дозада (әдетте 4 аптадан астам) қабылдайтын, оған қоса ұсынылған тәуліктік дозадан асатын дозаларда дамуы мүмкін.
Жүрек-қантамыр және цереброваскулярлық әсерлер
Ибупрофенді анамнезінде жүрек жеткіліксіздігі немесе артериялық гипертензиясы бар пациенттерге сақтықпен тағайындау керек, өйткені ибупрофен қолдану аясында ісінулер дамығаны туралы хабарланған.
Бақыланбайтын артериялық гипертензиясы, іркілісті жүрек жеткіліксіздігі (NYHA критерийлері бойынша II-III функционалды класы), диагностикаланған ишемиялық жүрек ауруы, шеткері артериялық аурулары және/немесе цереброваскулярлық аурулары бар пациенттерге ибупрофен жағдайды мұқият талдаудан кейін тағайындау керек, сондай-ақ ибупрофеннің жоғары дозаларын (тәулігіне 2400 мг) қолданудан аулақ болу керек.
Сондай-ақ жүрек-қантамыр аурулары (артериялық гипертензия, гиперлипидемия, қант диабеті, шылым шегу) даму қаупі факторы бар пациенттерге ибупрофенмен ұзақ ем бастар алдында, әсіресе ибупрофеннің жоғары дозаларын (тәулігіне 2400 мг) қабылдау қажет болғанда жағдайды мұқият талдау керек.
Ибупрофенмен ем қабылдайтын пациенттерде Коунис синдромының жағдайлары туралы хабарламалар бар.
Дерматологиялық әсерлер
Ибупрофенді қабылданғанда өлімге әкелуі мүмкін терінің ауыр реакциялары (SCARs), соның ішінде эксфолиативтік дерматит, көп формалы эритема, Стивенс-Джонсон синдромы (SJS), уытты эпидермалық некролиз (TEN), эозинофилиямен және жүйелік симптомдармен дәрілік бөртпе (DRESS), сонымен қатар жедел жайылған экзентематозды пустулез (AGEP) туралы өте сирек хабарланған.
Бұл реакциялардың көпшілігі терапияның бірінші айында дамыған. Осы реакцияларды көрсететін белгілер мен симптомдардың алғашқы көрінісінде ибупрофенді қабылдауды тоқтату және емдеудің балама түрін (қажет болған жағдайда) қарастыру қажет.
Бүйрек тарапынан әсерлер
Елеулі дегидратациясы бар пациенттерді ибупрофенмен емдеуді сақтықпен бастау керек. Әсіресе дегидратациясы бар балалар мен жасөспірімдерде және егде жастағы адамдарда бүйрек жеткіліксіздігінің даму қаупі болады. Басқа ҚҚСП тағайындағандағы сияқты, ибупрофенді ұзақ уақыт қабылдау бүйректің папиллярлық некрозына және бүйректегі басқа да патологиялық өзгерістерге алып келуі мүмкін. Мұндай реакцияның даму қаупі жоғары топқа бүйрек функциясы бұзылған, жүрек жеткіліксіздігі, бауыр дисфункциясы бар, диуретиктер мен ангиотензин өзгертуші фермент (АӨФ) тежегіштерін қабылдап жүрген пациенттер, сондай-ақ егде жастағы пациенттер жатады.
ҚҚСП қабылдауды тоқтату әдетте емдеудің алдындағы жағдайдың қалпына келуімен қатар жүреді.
Жүйелі қызыл жегі және дәнекер тіннің аралас ауруы
Жүйелі қызыл жегі және дәнекер тінінің аралас
аурулары бар пациенттерде асептикалық менингит қаупі
жоғары болуы мүмкін.
Гематологиялық әсерлер
Ибупрофен препараты, басқа ҚҚСП сияқты, тромбоциттер агрегациясын бәсеңдетуі және дені сау еріктілерде қан кету уақытын ұзартуы мүмкін.
Асептикалық менингит
Сирек жағдайларда ибупрофен қабылдап жүрген пациенттерде, асептикалық менингит байқалған.
Әйел фертильділігінің бұзылуы
Ибупрофенді қолдану әйелдердің фертильділігін нашарлатуы мүмкін және жүкті болуға тырысатын әйелдерге ұсынылмайды. Жүкті болу қиынға соғатын немесе бедеулікке қатысты тексеріліп жүрген әйелдерде препарат қабылдауды тоқтату мүмкіндігін қарастыру керек.
Жасырын инфекциялар симптомдарын бүркемелеу
Басқа ҚҚСП сияқты, Бруфен® препараты инфекциялық ауру симптомдарын бүркемелеуі мүмкін, ол тиісті емді бастаудың кідіруіне әкелуі мүмкін және сол арқылы аурудың барысын қиындатуы мүмкін. Бұл ауруханадан тыс бактериялық пневмонияда және желшешектің бактериялық асқынуларында байқалды. Бруфен® препаратын дене температурасының жоғарылауы немесе инфекция кезінде ауырсынуды жеңілдету үшін қолданылған кезде, инфекциялық ауруды бақылау ұсынылады. Медициналық мекемелерден тыс емдеу жағдайында, егер симптомдар сақталса немесе күшейсе, пациент дәрігерге қаралуы тиіс.
Арнайы ескертулер
Бруфен® препаратының түйіршіктерінде сахароза бар
Әрбір пакетте 3,3 г сахароза бар. Мұны қант диабеті бар пациенттерге тағайындаған кезде ескерген жөн. Фруктоза жақпаушылығы, глюкоза-галактоза мальабсорбциясы немесе сахароза-изомальтаза жеткіліксіздігі сияқты сирек кездесетін тұқым қуалайтын аурулары бар пациенттерге бұл дәрілік препаратты қабылдауға болмайды.
Бруфен® препаратының түйіршіктерінде натрий бар
Натрий мөлшері бақыланатын диетадағы пациенттерге тағайындау кезінде Бруфен® препаратының түйіршіктерінде натрий бар екенін ескеру қажет.
Препараттың көлік құралын немесе қауіптілігі зор механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Бруфен® препаратының түйіршіктері бас айналуды немесе ұйқышылдықты, шаршауды және көру қабілетінің бұзылуын тудыруы мүмкін. Мұндай жағдайларда науқасқа көлік құралын басқарудан және ықтимал қауіпті механизмдерді басқарудан бас тарту туралы хабарлау қажет.